Астаналық студенттер отбасы құндылығы туралы семинарға қатысты

Тренингті Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлайды.

Шараға қаламыздағы жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері мен ұстаздары қатысты.

Абайтанушы ғалым, филолог Омар Жәлелұлы жұртшылыққа қазақ отбасындағы әкенің, ананың орны, отбасылық бақыт, шаңырақ шаттығы мен берекеті туралы айтты.

Қазіргі қоғамдағы жас отбасылардың негізгі мәселесі — олардың бұрынғы отбасылық құндылықтарды бойларына сіңірмегендігі. Қыз бала тұрмысқа шыққанша оған әкесі жауапты, ал тұрмыс құрған соң оған жолдасы, құдай қосқан серігі жауапты. Осыны ер азаматтар ұмытып жатады,-дейді Омар Жәлелұлы.

Тренингтің мақсаты — еліміздегі жас отбасылардың аяғынан тұрып, өз алдына үлкен шаңыраққа айналуы үшін, отбасы құруда басты назарда ұстауы тиіс қағидалар жайында айту.

Семинар-тренингте отбасындағы əке мен ананың рөлі, үлгілі əке болу, алғыр ұрпақты қалай тəрбиелеуге болады, бала бойындағы ашылмаған талантты қалай ерте анықтай аламыз, отбасындағы ері мен əйелінің орны тағы басқа маңызды аспектілер талқыланды.

Сонымен қатар Омар Жәлелұлы жастарға қазақ отбасындағы тəрбиенің ерекшеліктері мен артықшылықтарын айтып берді.

Қазіргі кезде адамдар ұялуды қойды. Ұят деген не?! Ұят – жанның сипаты. Қазақ бір ғана «Ұят болады» деген сөзбен-ақ бар ұрпағын тәрбиелеген. Міне ғасырдан ғасырға үзілмей жеткен бала тәрбиесіндегі басты ұстаным осы – ұят»,-деді ол.