12-14 қыркүйек аралығында Республикалық «Сарыарқа» велотрегінде трек велоспортынан Silk Way Series Astana жарысы өтті.
Велошабандоздар арасында Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Мамыр Сташ, Әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Эдгар Степанян бар. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Спортшылар төрт бәсеке бойынша медальға таласты: омниум, спринт, скретч және кейрин.
Скретч бәсекесінде алтын медальді армениялық Эдгар Степанян жеңіп алды. Ал, екінші орынды ресейлік Мамыр Сташ жеңсе, үшінші орын қазақстандық Ғабиден Әзенге бұйырды. Мамыр Сташ сонымен бірге омниум жарысын жеңді. Омниумда күміс медальді Эдгар Степанян, қоланы Әзен Габиден алды. Ал жекелей спринттегі медальдардың екі алтыны да жарыс иелеріне бұйырды.
Спринтте қазақстандық шабандоз Павел Воржев үздік атанды. Еске сала кетейік, Павел Воржев Қытай кубогы жарысында ауыр жарақат алған еді. Спринттегі екінші орынды ресейлік Алексей Носов алса, үшінші орын қазақстандық Сергей Пономаревке бұйырды. Кейрин сайысында да Сергей Пономарев алдына жан салмады.
«Бәсекелестік мықты болып, жарыс тамаша өтті. Келер жылы жарыс дәрежесі тағы бір жоғары сатыға көтеріледі деп ойлаймын. Негізгі мақсатымыз — алдағы уақытта өтетін Әлем Кубогына ұпай жинау. Іріктеуге сәл ғана жетпей қалды. Спринтте іріктеуге іліктім, ал енді кейриннен де өттім. Әлем Кубогындағы басты мақсатым — 2020 жылы өтетін Олимпиадаға ұпай жинау. Барлығы қолымнан келетініне сенімдімін», — деді Сергей Пономарев.
Кейрин сайысы бойыншы Павел Воржев екінші, ресейлік Александр Дубченко үшінші орынды иеленді.