Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, еңбек жолын Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан бастады. Кейіннен «Лениншіл жас», «Социолистік Қазақстан», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдарында тілші, редакторлық қызмет атқарған. Оның журналистік-публицистік қызметі туралы қайраткер Хасен Оралтай:
Шерхан Мұртаза — ұлттық сана сезімі бар жігерлі, көп іс тындыратынын дәлелдеген тұлғалардың бірі. Бұл Қазақстанның өзінде онша көзге түспеуі мүмкін. Шеттен, Қазақстандағы барлық жағдайды жіті қадағалаумен өмір өткізген біздерге ол айқын көрінетін. Мәселен, Шерхан Мұртаза бас редактор болғаннан кейін бұрынғысымен салыстырғанда «Жұлдыз» журналы мүлдем өзгерді. Одан ол «Қазақ әдебиеті» газетіне келді. Ол да бұрынғысынан әлдеқайда жақсарып, баяғы коммунистік догмадан ұлттық мүддені қорғауға тырысатын бағытқа көшті. «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кезде бізге ұнағаны соншалық, мен оның жарнамасын да радиодан бергіздім. Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып тағайындалып, оның атын «Егемен Қазақстанға» ауыстырғаннан дейін де, газеттің атынан басқа бет-бейнесін елеулі түрде қазаққа бұрып үлгерген-ді, — дейді.
Сонымен қатар ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерінде болды. Шерхан Мұртаза қазақ теледидарының бағдарламалар қорын молайтты, таңғы-ақпараттық ойын-сауық бағдарламасының («Таңшолпан») пайда болуы оның есімімен тығыз байланысты.
Шығармашылық жолын Шерхан Мұртаза студент кезінде Лазарь Лагиннің «Хоттабыч қарт», Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастаған. Ал алғашқы кітабы — «Құрылысшы Дәку» повестер жинағы 1958 жылы жарық көрді. Соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың еңбегі туралы «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «41 жылғы келіншек», «Ахметжанның анты», «Интернет наны» , «Ай мен Айша» шығармаларын жазды.
«Қара маржан», «Қызыл жебе», «Сталинге хат» сияқты теңдессіз шығармалары спектакль ретінде көрермен назарына ұсынылды.
Шерхан Мұртаза туралы әйгілі жазушы, досы Шыңғыс Айтматов:
Біз Шерханмен бір жерде туып-өстік, біз өзімізді бір іске – әдебиетке арнадық. Мен еш уақытта жалғызсыраған емеспін, менің бауырым Шерхан әдебиетте әрқашан менімен бірге келеді. Оны мен айрықша жоғары бағалаймын,- деген екен.
Ал көрнекті жазушы Оралхан Бөкей көзі тірісінде:
Мен сізді ешқашан атыңызбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сыныптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынмен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да. Бірақ сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік әдемі жарастыққа жарықшақ түскен жоқ. Мен сізді аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім әрі осының өзін мақтан тұтар едім, — деген.
Ал ақын Фариза Оңғарсынова «Жұлдыз тағдырлы жазушы» атты өлеңінде:
Заманның кешсеңіз де сын мұздағын,
Бір сәтке бұзбадыңыз шындық заңын.
Періште болсам бір сәт кеудеңізге,
Тағар ем көктің жақұт жұлдыздарын.
Бұл қазақ сан ғұмырдан күйік шеккен,
Қырық ру қырандарды жиып шеттен.
Шер-аға, Сіз ғанасыз бұл қазақта
Жерлестік, жүз дертінен биік кеткен, — деп Шерхан Мұртазаның адамның бәріне тең қарайтын мінезін сөз етеді.