Басты бетЖаңалықтарАстанада халыққа...

Астанада халыққа заң саласы бойынша тегін кеңес берілді

Астана әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жастар сарайында қала тұрғындары үшін заң саласы бойынша тегін кеңестер берілді. Республикалық акцияны Астана әкімдігінің қолдауымен MEDIATOR KZ компаниясы өткізді.

Осындай шаралар халыққа өте керек. Бастысы, адам өз құқығын білуі тиіс. Заңды білмегендіктен адамдар көп қате жасайды, құқығын да қорғай алмайды. Адам қандай да бір істі жүзеге асырмас бұрын мамандармен кеңесуі керек. Мысалы, заң тұрғысынан болса, міндетті түрде заңгердің көмегіне жүгінгені дұрыс, — деді республикалық акцияны ұйымдастырушы, MEDIATOR KZ компаниясының заңгері Қазбек Нұрмағанбетов.

Іс-шараға MEDIATOR KZ, Bestavdocat компанияларының, сонымен қатар Көкшетау, Теміртау және Есіл ауданынан арнайы шақырылған заңгерлер қатысты.

Мұндай тәжірибелер жиі өткізіледі. Әкімдік әрқашан бізді қолдап отырады. Бұл жердегі мақсат — пайда табу емес, тұрғындарға өз құқықтарын білу бойынша кеңес беру, елді заң жағынан сауатты ету. Көбінe адамдар өз құқықтарын білмей жатады, сол себепті де өздерін қорғай алмайды, — дейді MEDIATOR KZ компаниясының заңгері Мақпал Оразғалиева.

Заңгерлердің айтуынша, адамдар көбіне тұрғын үй және отбасылық істер бойынша кеңес алады. Экономикалық жағдай бойынша өтініштер борыштық және еңбек мәселелеріне тиесілі. Сонымен қатар мұраны қалдыру немесе мұраны алу бойынша кеңес алуға келеді екен.

Бүгінгі қабылдауға өте разымын. Жылы қарсы алды, менің бар сұрағыма жауап берді. Қай сұрақты қалай шешетінімді іштей шешіп алдым. Ақыл-кеңес заң тұрғысынан болған сияқты еді, бірақ қарап тұрсам, психологиялық тұрғыда да болыпты. Сіз білесіз ғой, әр кәсіби маман — бір жағынан психолог. Бұл акцияны құптаймын, жиі болып тұрса да артық етпейді, — деп өз ойымен бөлісті шараға келуші.

Айта кетейік, әс-шараның басты мақсаты халықты құқықтық тұрғыда ағарту болды.