Астана әкімі Бақыт Сұлтанов 10-қабаттан құлаған баланы құтқарған Артем Каревты 500 мың теңгенің сертификатымен марапаттады.
Құрметті Артем Семенович, бұл іс тағдануға лайық. Бұл — азаматтарымыздың қоршаған ортаға қатынасы қандай болуы керек дегенге мысал. Мен өзімнің және әкімдіктің атымнан сіздің әрекетіңізге шын жүректен зор алғыс айтқым келеді. Біз ақылдаса келе астаналықтардың мақтауға тұрарлық істерінің бәрі елеусіз қалмауы керек деп шештік. Сізді біздің қордың қаражаты есебінен марапаттауды ұйғардық. Бұл құтқарылған баланың өміріне қарағанда құнды емес деп есептеймін, — деді Бақыт Сұлтанов.
Артем Каревты Сарыарқа ауданының әкімдігі де құттықтады. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Бибігүл Абыддиннің Facebook-те жариялаған фотосуретіне қарағанда, аудан әкімі Арман Тұрлыбек Каревке теледидар сыйға тартқан.
28 жастағы Артем Карев 25 қыркүйек күні Астанада 10-қабаттан құлаған баланы құтқарып қалған еді. Карнизде ілініп тұрған баланы ең бірінші болып, сол маңдағы кафеге келген қыз байқаған. Куәгерлердің айтуынша, бала 20 минуттай салбырап тұрған. Осы кезде астыңғы қабаттағы балконға Артем Карев шығып, тырбаңдап жатқан баланы көреді. Бала көзді ашып-жұмғанша төменге құлап кетті. Астана тұрғыны оны көз ілеспес шапшаңдықпен қағып алып, ажалдан құтқарды. Куәгерлердің әлеуметтік желіге жариялаған видеосынан кейін Артемды жұртшылық батыр атап кетті.