ҚР Президенті әкімшілігінің және Алматы мәслихатының келісімімен Әуезов ауданының әкімі болып Әнуар Өскенбаев тағайындалды. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әуезов ауданының жаңа әкімі мемлекеттік басқару органдарында едәуір тәжірибе жинақтаған. Әр жылдары Индустрия министрлігінде, 5 жылдан астам уақыт Есеп комитетінде қызмет атқарған. «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы болған.
2015 жылы Алматы әкімінің аппарат басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2016 жылдан бастап қаланың Тұрғын үй және тұрғын үй инпекциясы басқармасының басшысы болды. Ол басқарма басшысы қызметін атқарған кезде ПИК мәселесіне қатысты заңға өзгерістер енгізілді, Тұрғын үй қорын ұстауға қатысты ереже қабылданды, «Е-КСК» жобасы жүзеге асты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бағдарламасына орай 550-ден астам үй, 520 лифт жөнделді.
Еске салайық, 25 қыркүйекте Бостандық және Алмалы аудандарына жаңа әкім тағайындалған еді.