142 үміткер «Болашақ» стипендиясын иеленді

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім беру тәжірибесінен креатив ойлау дағдысын қалыптастыруға көшу, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану ғаламдық дамудың маңызды мегатренді болып саналады» деген сөзінің мәніне тоқталды. Қарқынды технологиялық даму жағдайында мамандар өз кәсібін өзгертуге, білімдерін өмір бойы жаңартып отыруға дайын болуы керек.

Бүгінде «Болашақ» стипендиясы осындай бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың табысты платформасына айналып отыр, — деді Мемлекеттік хатшы.

2018 жылға жалпы саны 555 стипендия бөлінді. Комиссия жұмысы барысында осы стипендия тағайындалатын үміткерлердің тізімі мен бағдарламаны іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қарастырылды.

Комиссияның шешімімен 142 үміткерге стипендия тағайындалды. Олар магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарына, ғылыми және өндірістік орталықтарға оқуға жіберіледі.

Басқосу қорытындысы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.