Тау қозғауға барып тас көтере алмады

56 келi салмақ дәре­жесiн­де сынға түскен Арли Чонтей қара күшiн көрсете алмай қайтты.

Бiрiншi сайыс жұлқи кө­теру сынында ол 132 келiмен ғана шектелдi. Ал серпи көтеруде 150 келiге тапсырыс бергенiмен, орындай алмай, жарыстан шет қал­ды. Чонтей жаттығу ке­зiнде 150 келiнi оп-оңай басынан асырушы едi ғой. Мұны ұлттық құраманың бас бап­керi Алексей Ни де растады.
Әлем чемпионатының алтын медалi солтүстiк­ко­реялық Ом Юн Чхольдiң ен­шiсiнде қалды. Күмiс жүл­денi қытайлық У Цзинбяо олжалап қана қоймай, жұлқи көтеруде 139 келiнi көтерiп, әлемдiк рекордты жаңартты. Әлем чемпионатының қола медалi вьетнамдық Ким Туан Тачқа бұйырды.
“Чонтейдiң не ойлағанын түсiнбедiм. Жаттығу кезiнде ол 160-165 келiге дейiн оп-оңай көтеретiн. Жұлқи көтеруде 132 келiнi еңсерiп, екiншi сатыға орныққан соң айылын босатып алды. Әйтпесе серпи көтеруде 150 келiлiк зiлтемiрдi жаңқа құрлы көрмейтiн едi” дейдi Алексей Ни.
Чонтейдiң жолына төре­шi­лердiң де тоңмойындығы кедергi болған секiлдi. Әйтпесе ол серпи көтерудiң алғашқы мүмкiндiгiнде 150 келiлiк зiлтемiрдi көтерген. Бiрақ қазылар қабылдамай тастады. Ақылын ашуы жеңген атлет психологиялық тұрғыда өз отына өзi күйiп кеткендей әсер қалдырды.
Әлем чемпионатының алғашқы күнi Маргарита Елисееваға сенiм артылып, атлет әлемдiк доданы алтыншы орынмен аяқтады. Жұлқи көтеруде 90 келiнi, серпи көтеру сынында 112 келiмен шектелдi.
Маргарита әлем чемпионатына 48 келiге дейiнгi салмақта қатысуы тиiс едi. Бiрақ ол ел iшiндегi сайыстарда 58 келiге дейiнгi салмақта күшiн сынап жүр. Бапкерлер көп салмақтан арылтамыз деп әлсiретiп аламыз деген болуы керек, Елисееваны 53 келiде додаға қосып жiбердi.
Осы салмақта әлем чемпионатының алтын медалi тайваньдық Сюй Шуцзинге бұйырды. Сюй жұлқи көтеруде – 95, серпи көтеру сайысында 125 келiнi ауырсынған жоқ. Күмiс жүлде қытайлық Сяотин Чэннiң қанжығасына бөктерiлдi. Қола медальдi филиппиндiк Хидилин Диас иелендi.
Бұл салмақта саңлақтар жетерлiк. Өзгенi айтпағанда Лондон Олимпиадасының чемпионы Зульфия Чиншанло бар. Лондон Олимпипиадасында тайвандық Сюй Шуцзин күмiс жүлде иеленген болатын. Демек, келесi жылы өтетiн Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасының алтын медалi үшiн тартыс тайваньдық ару Сюй мен бiздiң Чиншанло арасында өрбитiнi анық.
Маргарита әлем чемпионатына 48 келi салмақта қатысуы керек едi дедiк. Өйткенi Маргарита былтыр Оңтүстiк Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында дәл осы салмақ дәрежесiнде алтын медаль иеленген-дi. Егер ол осы жолы да 48 келi салмақта сынға түскенде сөз жоқ, үздiк атанар едi.
АҚШ-тағы әлем чемпионатында медаль алады деп сенген Фархад Харкидi бапкерлер ұжымы өзiнiң үйреншiктi салмағы 62 ке­лiде емес, 69 келi салмақта сынға түседi деп шешiп­тi. Сөйтiп, бұл әлем чемпионатына 62 келiде ешқандай атлетiмiз күшiн көрсеткен жоқ.
Әлем бiрiншiлiгiне аттанған спортшыларымыздың бiрi Денис Уланов (85 келi) жарақаттануына байланысты додадан тыс қалды. Оның орнына Айдар Қазовқа сенiм артылды. Қазов Таиландта өткен Азия чемпионатында елiмiзге алтын медаль алып берген болатын. Айдарға ендi әлем чемпионатында мүмкiндiгiн паш етуiне мүмкiндiк туып тұр.
Әлем чемпионатын өт­кiзу­шi ел АҚШ-тың ба, әлде ауыр атлетиканың халықаралық федерациясының нем­құрайдылығы ма, әлемдiк додаға қатысушы елдердiң тiзiмiнде Қазақстан жоқ. Әлем чемпионатының ресми сайтында тiзулi тұрған мем­лекеттердiң арасынан Қазақ елiнiң атауын кезiктiр­мейсiз.
(«Жас Алаш»)
Дереккөзalaman.kz