«Астана балет» театрының сахнасында қазақ балет өнерінің королі, Қазақстанның халық артисі Болат Аюхановтың 80 жасқа толуы мен өзі негізін қалаған Мемлекеттік академиялық би театрының 50 жылдығына орайластырылған үлкен мерейтойлық кеш өтті.
Қазақ балеті мэтрінің мерейтойлық кешіне әлемдік балет сахнасының хас шеберлері, германиялық Штутграт балетінің прима-балеринасы Мария Эйхвальд, «Эссен-балет» прима-балеринасы Юлия Цой, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ринат Мусин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Кокшинова, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Азамат Асқаров және Мемлекеттік академиялық би театрының әртістері қатысты.
Мемлекеттік академиялық би театрының бас балетмейстері Гульфида Гафурова қос мерейтойға артистердің қалай дайындалғаны туралы баяндап берді.
Бүгін — біз үшін ерекше салтанатты күн. Себебі біз үлкен жауапкершілікті талап ететін концерт өткізіп жатырмыз. Ұжымымыз концертке биылғы маусым ашылғаннан бастап дайындалып келеді. Мемлекеттік академиялық би театрының 2018 жылғы жаңа маусымы 1 тамызда ашылған болатын. Сол күннен бастап жұмыс ырғағына ілесіп, тыңғылықты дайындықты бастап кеттік. Әрине, біз тек 1,5 айда мұның барлығын дайындап шыққан жоқпыз. Еңбек демалысына шыққанға дейін де, жалпы алғанда, бір жылға жуық уақыт бойы концертке үлкен дайындық жүргіздік, «Қыпшақ биі», «Хореографиялық буриме» сияқты жаңа қойылымдарды дайындадық. Біздің репертуарымыз өте үлкен. Сондықтан, әрине, бәрін көрсеткіміз келеді. Бір актлі спектакльдеріміз де, жаңа қойылымдарымыз да бірінен-бірі асады. Бірақ уақытым шектеулі болғандықтан ең үздіктерін, Болат Ғазизұлы Аюхановтың таңдамалы шығармаларын іріктеп алдық. Олардың ішінде Никколо Паганинидің «Мәңгілік қозғалыс», Жорж Бизе мен Родион Щедриннің «Кармен-сюита» балетінен үзінділер бар. Сонымен қатар кезінде Болат Аюхановтың өзі орындаған Морис Равельдің музыкасына жазылған бір актілі «Болеро» қойылымы да көрсетіледі. Менің ойымша, Болат Ғазизұлы — әрдайым уақыттан озып жүретін адам. Ол қашан да бір емес екі, үш, төрт, бес, тіпті, 10 қадам алда жүреді. Оның хореографиялық стилі өз уақытында өте қызық, жаңашыл болатын. Болат Аюханов — хореографияда революция жасаушы. Қазірдің өзінде ол — уақытың алдында келе жатқан адам. Оның қойылымдары өте қызық, өзгеше. Хореографиясы ғана ерекшеленіп тұрмайды, стилі де ерекше. Оның ырғағы — керемет таңдалған музыкалық материал, — дейді ол.
Мерейтойлық кештің бағдарламасында Камиль Сен-Санстың «Рондо Каприччиозо» шығармасына қойылған туындылар мен «Суретші мен аққу», «Кармен-сюита» балетінен вариация, Адольф Аданның «Корсар» балетінен Па-де-де және «Жизель» балетінің үзіндісі көрсетілді. Сонымен қатар көрермен Александр Бородиннің «Қоншақ хан ордасындағы қыпшақ биін», Джузеппе Вердидің «Камелия гүлін ұстаған бегімін», Сергей Прокофьевтің Рудольф Нуриевтің құрметіне арнаған «Хореографиялық буримесін», Морис Равельдің «Болеросы» мен Болат Аюхановтың хореографиясын тамашалады.
Болат Ғазизұлы — біртуар тұлға, «Алматының жас балеті» ғажайып ұжымының негізін қалаушы және тұрақты жетекшісі. Болат Ғазизұлының қатысуымен түсірілген көркем фильмдер әрдайым көрерменнің үлкен қызығушылығын тудыратын, қазіргі уақытта да бұл жағдай өзгерген жоқ. Ол — балет, өмір мен шығармашылық туралы бірегей көркем кітаптардың авторы. Оның жазушы ретіндегі стилі өте қызық. Болат Ғазизұлы біреуді шымшып, аздап тістеп жазады. Сондықтан оның кітаптары әлем бойынша үлкен қызығушылықпен оқылады. Мен бүгін біртуар тұлға, біздің құрметті Болат Ғазизұлын құттықтауға мүмкіндік бергендеріңізге алғысымды білдіремін. Бүгін бұл залда оның барлық әріптестері келіп отырғаны өте қатты қуантады, — деді қазақ балетінің жарық жұлдызын 80 жылдық мерейтойымен құттықтауға келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті Аюханов Болат Ғазизұлы, мерейлі 80 жасыңызбен! Сіз басшылық жасап отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық би ұжымының құрылғанына 50 жыл толуымен де құттықтаймын! Сіздің өнердегі өмір жолыңыз, халқымыздың ұлылығы мен сұлулығын, ел бірлігі мен халықтар достығын би нақыштарымен өрнектеудің, елімізде өнердің осы түрін өркен жаюына сүбелі үлес қосудың жалғыз үлгісі екені сөзсіз. Сондықтан да жұртшылық сізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал тұлға ретінде де жақсы біледі және құрметтейді. Қатар келген қос мерейтой тұсында Сізге және бүкіл театр ұжымы мүшелеріне зор денсаулық, бақыт, тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыру жолындағы шығармашылық ізденістеріңзге әрдайым сәттілік пен табыстар тілеймін! — делінген Президенттің құттықтауында.
Кеште Президенттің 2018 жылдың 20 маусымындағы жарлығы бойынша Болат Аюхановқа «Астана — 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Мерейтойға арнайы келген қонақтардың бірі «Эссен-балет» театрының прима-балеринасы Юлия Цой Болат Аюхановты 26 жылда бірінші рет қайта көріп отырғанын айтты.
Маған осы кешке қатысуға шақыру келгенде қатты ойландым, себебі сахнаға шығу үшін біздің жасымыз біраз келіп қалған ғой. Алайда мен өз-өзімді керек физикалық қалпыма түсіремін, мен бұл кешке қатысып жіберіп ала алмаймын деп сендірдім. Болат Ғазизұлы маған әкем сияқты, ол біздердің ешқайсымызды бөліп-жарған емес. Әрдайым өз-өзімізге деген сенімділігімізді шындап, әрқайсысымыздың жұлдыз екенімізді айтатын. Ол әрдайым керемет болып жүретін — костюм, сақина, шарф, біз оған қарап бізде Болат Ғазизұлы сияқты болғымыз келеді, біздің де сондай мүсініміз болса деп армандайтынбыз. Ол бір жері ауырып тұрса да, көңіл-күйі болмай тұрса да бізге көрсетпейтін. Біз оны жақсы көргеніміз соншалық, әрқайсысымыз үшін оның орны бөлек болатын, себебі, ол бишінің ең мықты қырларын аша алатын. Мен оны жақсы көремін! – деді Юлия Цой.
Бірден екі мерейтойдың аталып өтіп жатқаны керемет болды. Мен мұнда өнер көрсетіп жатқаныма, менің қызметтік жолымда қажет болған білімді сіңірген Болат Ғазизұлы үшін билеу менің жүрегіме қуаныш сезімін ұялатады, — деді Штутграт балет труппасының прима-балеринасы Мария Эйхвальд.
Болат Аюханов өзінің құрметті жасына қарамастан жұмыс істеуін бір сәтке тоқтатқан адам емес. Биыл құрылғанына 50 жыл толып отырған Мемлекеттік академиялық би театрына жетекшілік етеді, кітап жазады. Көпшілік қауым оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны, «Балет өрнектері немесе өмірлік Па-де-буре сияқты кітаптарын біледі. Қазіргі уақытта ол «Қария мен көздің жасы» романын жазып жатыр.
Бұл кітапта өмірінің толыққанды болғанына қарамастан қиындық көріп жүрген қарияның өмірі баяндалады. Автобиографиялық шығарма десе де болады. Бірақ ол жерде — балет емес, акушер-гинеколог әрі ветеринар қарияның өмірі. Оның балалары мен немерелерін, шөберелерін көріп жылап алуға да болады. Мен кәсіби жазушы емеспін. Заманның қолында қаламы мен қағазы бар куәгерімін, — дейді Болат Аюханов.
Қазақ балетінің аңызы бүгінгі кешке келген әрбір қонаққа алғысын білдірді.
Біздің 50 жылдың ішінде не істегенімізді көру үшін келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды жақсы көремін. Балет – бұл есірткі, бұл — бейнетті еңбек, қан мен тер. Балет деген Құдай қарғаған кәсіп, кейде біз тіпті ешкімге өзіміздің өкпе-назымызды айта алмаймыз. Мен балаларын балетке алып келетін ата-аналарға әрдайым «балеттен алып кетіңіздер, балеттегі баланың балалық шағы болмайды» деп айтатынмын. Бұл мерейтойдың өткізілуіне қарсы болған едім. Себебі, мен өзімнің қалауыма әлі жеткен жоқпын. Бір жыл бойы мен қауырт жұмыс істедім. Шығармаларымды жаздым, бағдарламаны жасадым және бірден екі қойылым бойынша жұмыс істедім. Ал қазіргі заманауи балет артистеріне шалағайлықты қойып, нағыз өнер туындысын айыра білуді үйренсе екен деп тілеймін, — деді мерейтой иесі.
Болат Аюханов 1938 жылы Семейде дүниеге келген. 1967 жылдан бастап Мемлекеттік академиялық би театрының жетекшісі. Өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі.
Халық артисі 1965-2010 жылдар аралығында қазақстандық композиторлардың музыкасына 30-дан астам балет, 150 концерттік нөмір қойған. «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. «Платина Тарлан» (2000), «Алтын Адам» (2008) сыйлықтарының, мемлекеттік сыйлықтардың иегері.