Алматы автобусында бір реттік жол жүру ақысы 150 теңге болмақ

«Қоғамдық көліктердегі бір реттік жол ақысының «Оңай» картасы арқылы төленетін жол ақысынан қымбат болғанын қалаймыз.

Қазір «Оңай» карточкасы арқылы 80 теңге төленеді. Ал бір реттік талонның бағасы, қалалық Мәслихаттың шешіміне қарай, алдағы уақытта 100, 120, тіпті 150 теңге де болып кетуі мүмкін. Осылайша, біз тұрғындарды жол ақысын «Оңай» электронды карточкасы арқылы төлеуге ынталандырмақпыз», – деді Мақсұт Исахов.

Ол сонымен қатар, жол ақысын «Оңай» карточкасы арқылы төлеу – жолаушы тасымалдаушы компаниялардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін айтты. Әйтпесе, олардың қанша көлемде табыс табатындығы құпия болып қала бермек. Жол ақысына қатысты өзгерістер тиісті заңнамаға ағымдағы жылдың соңына дейін енгізіледі. Қазір бұл заң жобасы Парламентте жатыр.

Айта кетелік, қазіргі таңда Алматыда қоғамдық көліктерге бір реттік жол ақысын төлеуге арналған терминалдар орнатыла бастады.

ДереккөзҚазАқпарат