Бұған қоса күн сайын облыстағы ішкі істер бөлімдеріне, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларына, әйелдерді қолдау орталығына орта есеппен 30 әйел шағым айтып телефон соғады.
Әрбір сегізінші шаңырақтың қасіреті
Мамандардың айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер ауруханаға түскенде оларға мидың шайқалуы, бас сүйегінің сынуы, көзіне зақым келуі, жыныс мүшелерінің ауруы, бас ауруы, жақ сүйегінің сынуы, қабырғаның сынуы сияқты диагноздар жиі қойылады. Түрлі дене жарақатынан бет-әлпеті көгерген, терісі қанталап кеткен, психикасы ауытқыған әйел ауруханадан жазылып шыққан соң, күнде әңгір таяқ ойнатып отыратын күйеусымаққа қайта оралады. Сөйтіп оқиға желісі қайта жалғанады…
Елдегі тіркелген барлық қылмыстың 90 пайызға жуығын әйелдерге қарсы жасалған тұрмыстық деңгейдегі қылмыстық істер құрайтын көрінеді. Мамандар күн сайын әрбір сегізінші шаңырақта еркектің арақ ішуінен, тұрмыс деңгейінің төмендігінен жанжал шығатынын айтады. Отбасында әйелге қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың 10 пайызы ғана соттың қарауына жетеді екен. Себеп біреу: әйел күйеуін кешіріп, арызын қайтып алады.
Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын отбасылық жанжалдан 500 әйел көз жұмады. Еліміз бойынша отбасында әйелді ұрып-соққаны үшін 50 мыңға жуық қылмыстық іс қаралған. Сарапшылардың айтуынша, бұл сандық мәліметтер бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Бірақ «өзінің жаққан отына өзі жылынғанды» дұрыс көретін әйелдер отағасынан көретін зәбірін жылдар бойы жасыруға тырысады.
Баян Есентаеваның оқиғасы қазақ әйелдерінің қорғансыз екенін дәлелдеді
Қазақстанда зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдердің проблемаларын шешуге көмектесетін дағдарыс орталықтарына жылына 5 мың әйел жүгініп, сенім телефондарына бір жылда 20 мыңға жуық әйел хабарласады екен.
Қазақ әйелдерінің отбасылық жанжалдың құрбаны болатынына белгілі продюсер Баян Есентаеваның жағдайы дәлел. Еске салсақ, маусымның оны күні жұбайы қатты соққыға жығып, пышақ жұмсағаннан кейін Баян Есентаева ауруханаға түсті. Осы оқиғаны сан-саққа жүгірткен жұрт «жұлдыздардың да басына қарапайым әйелдің күні туады екен-ау» деп пайымдады. Тіпті бұл жағдай Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың деңгейінде айтылып, қазақ қоғамында әйелдердің құқы, денсаулығы жеткілікті қорғалмайды деген пікір туғызған болатын.
Ақтөбедегі Үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының төрағасы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелге психологиялық қолдау да, проблемасын заң жүзінде қалай шешуге болатыны туралы кеңес те берілу керек.
—Отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін мамандар түсіндіру керек. Отбасы — мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін елде отбасылық институт қағидасын жетілдіруіміз, дәріптеуіміз керек, — дейді Айгүл Дүйсенова.
«Жабық ұйымның» жұдырығы
Жалпы қоғамда әйелдердің зорлық-зомбылықтан жапа шегуі, оның ішінде өз үйінде отағасынан, жігіт болған баласынан таяқ жеуі— адам құқығын аяқ асты етудің ең көп тараған түрі, — дейді облыстық ішкі істер департаментінің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова. Бұл бір жағынан түсінікті де. Себебі біздің қоғамның қалыптасқан менталитеті отбасын сырттан ешкімнің араласуына жол бермейтін «жабық ұйым» ретінде қабылдайды. Санамызға осылай сіңіп кеткендіктен, «отбасындағы араздықты отбасы мүшелері өзара шешуі тиіс» деп көп жағдайда құқық қорғау органдары да, жақын туысқандары да араласуға, араша түсуге құлықты болмайды. Негізі отбасында зорлық-зомбылық фактілері қайталана беретін болса, әйелді немесе баланы өз проблемасымен жалғыз қалдыру дені сау қоғамның ісі емес, мемлекеттік органдардың, көрші-көлемнің тарапынан қолдауға, қорғауға бағытталған әрекеттер жасалуы тиіс.
— Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдауы керек. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен ғана емес, жігіт болған баласынан таяқ жейтін әйелдер де бар. Мысалы, маған жасы 80-ге келген қария жиі хабарласады. Оны жасы 45-ке келген баласы ішкен сайын соққыға жығып, далаға қуып шығады екен. Бұл іс бірнеше рет сотта қаралды. Қария әр сот отырысы болған сайын арызын кейін қайтарып алып, ұлын кешіре салады. Ақтөбе қаласында тұратын қызы анасын бірнеше рет алып кеткісі келгенімен, қария «қалған ғұмырымды шалымның салып берген үйінде жатып өткіземін» деп бармайтын көрінеді.
Ішімдікке салынған күйеуіне еріп ішіп кеткен әйелдер де біздің бақылауымыздан тыс қалған емес. Ерлі-зайыптылардың арасында болған жанжалдың соңы біреуінің өлімімен аяқталған қылмыс кездесіп жатады. Әйелі күйеуінің соққысынан есін жия алмай ауруханаға түскен, дене мүшелері сынған оқиғалар жиі орын алады, — дейді Нұрымжанова.
Үзілмейтін үміт
Полиция инспекторы жоғары білімі, қоғамда белгілі бір алатын орны, әріптестері, құрбылары бар әйелдердің сырт қарағанда жап-жақсы болып ұйып отырған отбасыларында да осындай проблемалар кездесетінін айтты. Ондай әйелдер күйеуінің сабағанын жасыруға тырысады. Өздерін-өздері жұбатады, көндіреді: «Жұрттан ұят қой, балаларымның жағдайы қалай болады? Кешірім сұрады ғой, енді қайталамайтын шығар…». Бірақ ол міндетті түрде қайталайды. Және бір емес, бернеше рет, тіпті өмір бойы қайталайды. Ешқашан ештеңе өзгермеуі де мүмкін. Кейде психологтар күдерін үзбейтін әйелге осылай түсіндіруге мәжбүр.
— Әйеліне, балаларына қит етсе қол жұмсайтын еркектер ондай мінездерін тек өз үйлерінде ғана көрсетеді. Ондай еркектің бойында екі түрлі адам өмір сүріп жүрген сияқты. Үйден шығысымен олар өздерін қалыпты ұстап, айналаға мейірбан болып көрінеді, кейде үйде де өте мейірімді болуы мүмкін. Дегенмен көп ұзамай сол шектен тыс мейірімнің астарында медальдің екінші жағы көрінеді…
Негізінен ерік-жігері әлсіз еркектер әйелдеріне қол көтереді. Әйелін ұратын еркек әйелінің басқан ізін аңдитын қызғаншақ, қатыгездікті көрсететін фильмдерге әуес және өзі балаға да, жан-жануарға да қатыгез, көңіл-күйі кенеттен өзгеруге бейім болып келеді. Көбінесе өз проблемасына өзгені кінәлі санайды. Ондай еркектің әйелі болған адамның өмірі бара-бара тозаққа айналады. Үрей, шектен шыққан сақтық, кез-келген жағдайда абдырау, абыржу, қорғансыздық, үмітсіздік және шарасыздық, үнемі өзіне төнетін қауіпті ойлап уайымдау, қараптан-қарап өзін кінәлі сезіну, өзіне деген сенімсіздік, жабырқау, торығу сезімдері ақырында әйелдің не өз-өзіне қол жұмсауына, не ішімдікке салынуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл жерде әрбір әйел қоғамның көзқарасы емес, өз өмірі үшін өзінің жауапкершілігі маңызды екенін ұғынып, жылдарды өткізіп алмай шешім қабылдауы керек, — дейді психолог Лида Есенғалиева.
Олар тек соттайды
Өмірін бірге өткізетін серігінен жәбір көретін әйелдердің проблемасы — барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Мәселен, алпауыт мемлекет АҚШ-та жыл сайын 1,3 миллион әйел заңды күйеулерінің немесе азаматтық некеде бірге тұрып жатқан серіктерінің соққысына жығылады. Ондайда зорлық-зомбылық құрбандары бірден қолдау орталықтарына телефон шалып, заң бойынша өздеріне тиесілі федералдық көмек алады. Яғни күйеуі ұрған әйелге уақытша тұратын бөлме, азық-түлік алуға болатын арнайы талон беріледі. Ал француздық социологтар өз отбасыларында жапа шегетін әйелдер саны Францияда өте көп деп есептейді. Олар жүргізген сауалнамалар француз әйелдерінің 10 пайызына өмірінде бір рет болса да күйеулері қол көтергенін растаған.
Соңғы жылдары Германияда күйеуі «таза неміс», ал әйелі «оралман» болып келетін отбасыларда кемсіту жағдайлары жиі орын алатыны дәлелденген. Сондықтан әйелі арыз түсірсе, сот зорлықшыл күйеуді тыңдап жатпастан, жаза қолдану туралы бір жақты шешім шығара береді. Ол үшін сот алқасының немесе бір куәгердің сөзі жетіп жатыр.
Ал Польша мен Словакияда отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстық іс ретінде қаралады. Олар біздегідей әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы айыппұл төлетіп, басты қатырмайды. Бірден қылмыстық іс қозғайды да, әйелді ұрған еркек тиісті мерзімге сотталады.
Жыл сайын Ресейде отбасылық зорлық-зомбылық салдары 12-14 мың әйелдің не мүгедек болып қалуымен, не өлімімен аяқталады. Бұл дегеніміз әр 40 минут сайын ресейлік отбасында бір әйел соққыға жығылып, әр күн сайын 36 мың әйел күйеуімен жанжалдасатынын білдіреді.