Қазақстан «өз қотырын өзі қасуға» қауқарлы
2016 шілдеде Ақтөбедегі және Алматыдағы террористік актілерден кейін бір қатар шетелдік БАҚ-тарда мақалалар жарияланып, түрлі деңгейдегі сарапшылар ресейлік әскердің Қазақстанға кіргізілуі мүмкін деген болжам жасаған еді («Ресейлік сарапшы: «Қазақстанға орыс әскері енгізіледі», «Российский спецназ мог бы прийти в Казахстан — предложение эксперта», «11 сюрпризов, которые может преподнести миру Кремль»).
Осындай сарындағы күмәнді тұжырымдамаларға алғашқы жауап берген ресми тұлға — ҚР қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов болды.
— Қандай да болсын сылтаумен Қазақстан аумағына Ресей әскерінің кіргізілуі мүмкін емес. Мейлі, ол исламдық терроризм, террористік актілер және тағы басқалары болсын, — деді Иманғали Тасмағамбетов 2016 жылғы 1-тамызда Алматыда журналистермен болған кездесу барысында.
Қазақстанға көмек беру жайында еліміздің әскери-саяси басшылығы тарапынан Ресей Федерациясына да, басқа мемлекеттерге де ешқандай өтініштер жасау болған жоқ және болмайды.
Қазақстанның „өз қотырын өзі қасуға„ қауқары жетеді, террористік қауіптерді қоса алғанда. Өздеріңіз көріп отырсыздар: Ақтөбедегі және Алматыдағы шиеленіс ошақтарын оқшаулауға біздің қарулы күштер қатысқан жоқ. Шын мәнінде, мұндай жағдайда біз өз күшімізді жауынгерлік дайындық жағдайында ұстаймыз, бірақ одан арыға бармаймыз.
Қажет болған жағдайда әскери-көлік ұшақтары Ұлттық ұланның әскерін еліміздің кез-келген жеріне жеткізуге қабілетті
Бүгінде Ұлттық ұланның кәсіби дайындығы жоғары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері, Ішкі істер министрлігінің де арнайы мақсаттағы күштері бар, біздің ведомство да құр алақан емес. Сондықтан террористік қауіппен күресу форматында бізге көршілердің көмегі қажет деу — артық айтқандық.
Қазіргі террористке қарудың да қажеті жоқ
Еуропадағы бұқаралық ақпарат құралдары Ресейді құбыжық етіп көрсетеді.
Олардың саясаты сондай — өздерінің кейбір мақсаттарына қол жеткізу үшін олар жұртты Ресеймен қорқытады, бірақ мұның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ.
Еліміздегі лаңкестік шабуылдар мәселесіне келсек, мұндай күрестің алғы шебінде, бірінші кезекте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұрады — „анықтау және көзін жою„ солардың мақсатына жатады. Мен ҰҚК үлкен жедел жұмыс атқарып отыр деп есептеймін, біз олармен байланыстамыз. Сондай-ақ ІшкіІсМин мен Ұлттық ұлан басшылығы да қарап отырған жоқ.
Алайда бүгін террористік шабуылдың қайда және қашан болатынын дөп басып айту мүмкін емес. Өзіміз көріп отырғандай қазіргі террористке шабуыл дайындауға тыңғылықты дайындалу қажет емес. Оған қару іздеп, жарылғыш заттар жасаудың да қажеті жоқ.
Заманауи лаңкеске, Ниццада болғандай, жүк көлігінің руліне отырып, көлікті адамдар көп жиналған жерге қарай беттетсе, жетіп жатыр.
Менің ойымша, бүгін терроризм психозы түшкіргеннен де жұғатын сыңайлы. Бір елде теракт орын алса, ол планетаның басқа бір жеріндегі лаңкестік жасағалы жүрген біреуге берілген белгі іспетті. Сондықтан әлем мұндай сойқаннан қорғалған деуге болмайды. Ал Қазақстан — осы әлемнің бір бөлігі.