Қатық — қарын аштырмайтын қою сусын

Қазақта «айтқаның жатық болса, ішкенің қатық болады» деген мақал бар. Бұл халқымыздың ақтан жасалған тағамды жақсы, жағымды хабармен келген мейманына ұсынғанын білдіреді. Қатық — айранға ұқсағанымен аса қою, құнарлы сусын.

Бұл сусын — ерте заманнан бері маңызын жоймай келе жатқан сүт өнімі. Дәстүрлі қазақ ортасында қатық көбіне қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен жасалады. Сондықтан қатық ұйыған кезде аса қоймалжың болып келеді. Қатықты әзірлеу үшін піскен сүтті қанжылым етіп салқындатады. Бұрынғы айраннан ұйытқы құйып араластырады. Бетін мықтап жауып, жылы жерге қояды.

Жаздыгүні қатықтың ашу уақыты екі-үш сағат болса, қыстыгүні төрт-бес сағатқа дейін оның бетін ашпаған абзал. Дайын болған соң оны қатты шайқамай, бірден суық жерге қойып суыту керек. Қатықтың қою, жақсы ашығанын айтып қалжыңдайтындар «шанышқы шаншып қойсаң, тік тұрады екен ғой» деп жатады. Оның осы қасиеті үшін бабаларымыз оны «қатық» атаған деседі. Ал бабы болмаған қатықты көрген адамдар аспазға сын айтып, «қатық емес, шалап қой мынау» деген екен. Суыған қатықты сол күйі қылқытып ішсе, керемет. Қатық өте жұғымды, құнарлы болғандықтан оны қысқы уақытта көп ішкен.

Ата-бабаларымыз қатықты малдың көктемгі майлы сүтінен, кейде тарамаған уызынан жасаған. Бұл қатықты екі есе дәмді ете түскен. Түзде қарны қатты ашқан қазақ көже мен қатықты армандайды дейді. Бұл қатықтың аштықты тез басатын қасиетін меңзейді.

Бүгінде қатық көпшіліктің сүйіп ішетін сусынына айналған. Әрине, ол аса қою болмаса да, майлылығы жағынан кәдімгі айраннан жоғары. Қатық «Ряженка» деген атаумен балалардың тамақтану мәзіріне арнайы қосылады. Әйтсе де, нағыз қатықтан дәм татқыңыз келсе, табиғи, майлылығы жоғары сүтті пайдаланып, үйде дайындап көрсеңіз болады.