Оралда Исатай-Махамбет ескерткішінің орны анықталды

Азаттықтың ақ таңы жолында егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған батыр бабаларымыз Исатай мен Махамбетке Оралда еңселі ескерткіш орнату мәселесі біраз жылдан бері қозғалып жүр. Жақында ұзақжылдық сең қозғалып, ескерткіш қойылатын жер белгіленді.

Бұған дейін облыс орталығының әр тұсынан лайықты орындар таңдалып, оның бірі әкімдік тарапынан, екіншілері қоғамдық ұйымдар белсенділері тарапынан қолдау таппаған еді. Жаңа орын Оралға Атырау бағытынан кіреберістегі Шаған өзені көпірі маңынан табылды. Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың мәлімдеуінше, ескерткіштің өзінің биіктігі — 12 метр, тұғыры одан да биік болмақ.

Ескерткіштің жобасын сәулетші Серік Исаев әзірлеп жатыр. Қажетті қаржы қаралған. Тұғырымен қосқанда барлығы шамамен 5-6 қабатты үйдің биіктігіндей болады. Көп қалаларда мұндай монументалды ескеркіштер өзендердің жағалауына немесе қаланың кіреберіс қақпасына ретінде орнатылған. Қалаға Жәңгір хан көшесімен кіргенде «Жазира» ауданы аяқталып, бір жол Әзірбайжан көшесіне, екінші бұрылыс қалаға бағытталады. Осы жерден қалаға қарай 2 шақырымнан кейін ескерткіш үшін орын белгіленіп отыр. Көпшілік бұл жердің тарлығын айтуы мүмкін. Бірақ келер жылы біз қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіп, бұл аумақты абаттандыруды көздеп отырмыз. Осы аумақтың оң жағы – «Құтқару станциясы», сол жағы – жайылма. Сол жерді көтеріп, екі үлкен тынымбақ жасақталады. Ескерткіштің артқы жағынан жаяу жүргіншілер үшін көпір салуды ойластырдық. Оған қоса, бұрынғы Шаған жағалауы көшесіне «Исатай-Махамбет даңғылы» атауы берілмекші, – деді Мұрат Мұқаев.

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысында бұған дейін әйгілі күйшілер Құрманғазы мен Динаға, қазақтың қаһарман қыздары — Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаларға монументал ескерткіштер қойылған болатын.