Қазақстан Рио-де-Жанейро қаласында өткелі отырған жазғы олимпиада ойындарына әу баста 108 жолдамаға ие болған еді. Бірақ олимпиада қарсаңында теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның жарақат алуы себепті Риодағы ойындарға қатыспайтыны белгілі болды. Ереже бойынша, олардың жолдамасы басқа қазақстандық теннисшілерге берілмейді.
Бұдан бөлек, халықаралық ауыр атлетика федерациясы биыл допинг жанжалына байланысты Қазақстан құрамасын екі лицензиядан (1-ер және 1-әйел) айырған.
Осылайша, Қазақстан құрамасынан бұл жолы жазғы олимпиадаға барлығы 104 спортшы қатысады. Атап айтқанда, бокстан 12 спортшы (он жігіт пен екі қыз), еркін күрес — 5, грек-рим күресі — 3, әйелдер күресі — 4, тас жолдағы веложарыс — 2, велотрек — 1, көркем гимнастика — 1, акробатика — 1, қайықта ескек есу — 2, байдарка және каноэ — 11, кедергілер арқылы ескек есу — 1, дзюдо — 6, жеңіл атлетика — 26, суға жүзу — 3, мәнерлеп жүзу — 2, бессайыс — 2, садақ ату — 2, нысана көздеу — 5, таеквондо — 3, теннис — 2, үстел теннисі — 1, ауыр атлетика – 8 және семсерлесу – 1 адам Қазақстанның атынан сынға түседі.
Бұған дейін, 1996 жылғы Атланта олимпиадасын (96 спортшы) есептемегенде, Қазақстан жазғы олимпиада ойындарына 110 спортшыдан кем апармайтын.
Велоспорттан жастар арасындағы әлем чемпионы Алексей Луценко да олимпиада басталуға бір апта қалғанда жаттығу кезінде жарақат алып, Бразилиядағы жарысқа бара алмайтыны белгілі болды. Оның орнына қазақстандық велоспортшы Андрей Зейц қатысады.
Бұған дейін Сидней, Афина, Пекин және Лондон ойындарында командалық спорттың кем дегенде бір түрінен бәсекеге араласып келген Қазақстан Риода командалық спорт түрлерінен сынға қатыспайды. Волейбол мен регбиден әйелдер құрамасы, су добынан ерлер мен әйелдер құрамалары іріктеуге қатысқанымен, жолдамаға қол жеткізе алмады.
2012 жылы Лондон олимпиадасында медаль алған 13 қазақстандық спортшының тек төртеуі ғана Риоға барады. Олар – Лондон ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов (бокс), қола медаль иегерлері Гюзаль Манюрова (әйелдер күресі) мен Иван Дычко (бокс). Ольга Рыпакова осымен үшінші олимпиадасына қатысқалы отыр.
Лондонда алтын алған ауыр атлеттер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Мая Манеза допинг дауына байланысты уақытша жарыстардан шеттетіліп, Рио олимпиадасынан тыс қалған.
Ал бокстан Қазақстан жігіттері алғаш рет олимпиадаға барлық он салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қазақстандық боксшылар Риода екі алтын алуды жоспарлап отырғанын айтады.
48 килограмм салмақ дәрежесі бойынша сынға түсетін боксшы Біржан Жақып үшін бұл үшінші олимпиада болмақ. Сонымен бірге, қыздар арасындағы бокс бәсекесіне екі қазақстандық қатысады.
Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың ең жасы – 17 жастағы Сабина Әшірбаева (көркем гимнастика), ал ең үлкені – 37 жастағы Рашид Юнусметов (нысана көздеу).
Бұған дейін велотректен олимпиадаға соңғы рет 1996 жылы қатысқан Қазақстан бұл спортқа араға 20 жыл салып оралып отыр. Велотректен олимпиадаға жолдаманы әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Артем Захаров ұтып алған.
Жеңіл атлетикадан Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет 100 метрлік эстафета (4×100 м) жарысына жолдама алды. Қазақстан эстафеташылары АҚШ, Ямайка, Бразилия, Тринидад және Тобаго, Бразилия, Қытай құрамаларымен сынға түседі.
Қазақстан құрамасы сапында бұл жолғы олимпиадаға Түркияда туған этникалық қазақ Жансел Дениз (таэквондо), Моңғолиядан келген Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Украинадан келген Екатерина Потапенко (қазіргі бессайыс), Қытайдан келген Фархад Харки мен Арли Чонтей және Әзербайжаннан келген Нижат Рахимов (үшеуі де ауыр атлетика), Ресейден келген балуан Артас Санаа қатысады. Артас Санаа олимпиада алдында аты-жөнін Нұрислам Санаев деп өзгертті.
Тамыздың 5-і күні Рио-де-Жанейро қаласында 31-жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шығады.
Тамыздың 21-іне дейін жалғасатын Рио олимпиадасында спорттың 28 түрінен 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.