Басты бет Жаңалықтар Мәжіліс Қаржы министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады

Мәжіліс Қаржы министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады

Ведомство басшысын тағайындау мәселесі Қаржы және бюджет комитетінің отырысында қаралды.

Әлихан Смайылов. Фото: Strategy2050.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтіп, онда ҚР Қаржы министрі лауазымына тағайындау жөніндегі кандидатура келісілді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Министр лауазымына кандидатураны келісу мәселесі талқыланған отырыста Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Алдабергенов негізгі баяндама жасады. Ол Мәжіліс депутаттарына Қазақстанның Премьер-министрі Қаржы министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлын тағайындау туралы кеңес өткізуді депутаттар қарауына ұсынғанын айтты.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Әлихан Смайыловқа бірнеше сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді.

Әлихан Смайылов депутаттардың «министр ретінде ең бірінші кезекте қандай мәселеге көңіл бөлер едіңіз?» деген сауалына «ең бастысы, менің ойымша, салық пен бюджеттің табыс бөлігін ұлғайту» деп жауап берді.

«Комитет отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-министрі ұсынған Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын қарап, аталған кандидатураны Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді» деген шешім шығарылды, — делінген хабарламада.

Мәжіліс депутаттары кандидатқа табыс тіледі.

Еске сала кетейік, 11 қыркүйек күні бұрынғы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Астана әкімі болып тағайындалған еді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version