Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда 10...

Қазақстанда 10 миллионнан астам электрондық денсаулық паспорты жасалды

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішевтің мәліметінше, қазіргі уақытта республика бойынша 10 миллионнан астам денсаулық паспорты жасалды.

Былтыр ҚР Денсаулық сақтау министрлігі электрондық денсаулық паспорты құрылымы бойынша HLC стандарттарын жариялады. Медициналық ақпарат жүйесін жасаушылар  қазір жергілікті жердегі жүйелерді жасап жатыр, олар кейін республикалық деңгейдегі жүйемен кіріктіріледі, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Вице-министрдің айтуынша, 2018 жылдың қаңтарынан бастап бұл жүйеге 4 өңір қосылды, шілдеден бастап барлық өңір қағазсыз құжат жүргізу жобасына көшті.

Қазіргі уақытта 10,2 миллион жергілікті электрондық денсаулық паспорты жасалды. Жылдың соңына дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл паспорттардың бәрін синхрондайтын платформаны іске қосады. Қазір проблема неде? Егер бір өңірде сіздің атыңызға денсаулық паспорты жасалса, онда, мысалы, сіз іссапармен Алматыға келсеңіз, мәліметтеріңіз қолжетімді болмай жатады, — деді Олжас Әбішев.

Вице-министрдің айтуынша, осы жылдың соңына дейін бірыңғай платформаны іске қосқаннан кейін бұл проблема толық шешіледі. Пациенттің қандай мекемеге — жекеменшікке немесе мемлекеттікке тіркелгеніне қарамастан, дәрігерлер мәліметті кез келген өңірден қарай алады.

ДереккөзZakon.kz