бала денсаулығы

Өзге діндер бала емізудің уақыты туралы не дейді?

Тек Құранда ғана емес, Алла тарапынан түсірілген басқа кітаптарда да баланы ананың өзі емізгендігі дұрыс екені анық жазылған.

Христиан дінінде. Інжілдің бірінші кітабында Ибраһим пайғамбардың әйелі Сара анамыздың қартайған жасында дүниеге сәби әкеліп, оны омырауымен өзі емізгені, кейін емшектен шығарғанда Ибраһимнің үлкен той жасағаны айтылады. Інжілдің келесі кітабында перғауын сарайы тапқаннан кейін Мұса пайғамбарды да мысырлық әйелге бермей, өз қауымының әйелі емізгені жазылған. Міне, осы жазбаларға қарап, христин дінін ұстаушылар да кезінде баланы анасының өзі емізуіне қатты мән берген. Олардың түсінігінше Отанға, елге, жерге деген махаббат балаға ана сүтімен дариды.

Иудаизм дінінде. Ислам дініндегідей иудаизмде де бала ана сүтімен кем дегенде 24 ай, көп дегенде бес жасқа дейін тамақтануы керек. Бала емізіп жүргенде ананың келесі жүктіліктен сақтанатыны да айтылады. Ең қызығы еврейлер жаңа туған нәрестені емізуді сол омыраумен бастаған дұрыс деп есептейді. Сонда бала ең алғашқы тамағын ананың жүрегіне жақын жерден алады екен. Еврейлерде бұл тақырыпта жиі жасырылатын жұмбақ та бар: “9 кетеді, 8 келеді, екеу құяды, біреу ішеді, 24 қызмет етеді”. Жауабы болса: “Кеткен  9 нәрсе – құрсақтағы 9 ай, 8 келген нәрсе – сүндеттелгенге дейінгі 8 күн, құятын – анасының екі омырауы, ішетін – нәресте, қызмет ететін 24 – емізілетін уақыт”, – деп келеді.

Индуизмде. Ежелгі Үндістанда б.з.д. ІІ ғасырларда баланы барлық ана өздері емізетін. Бірақ олар сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін 5 күннен соң ғана, яғни “нағыз сүт” шыққаннан кейін бірақ емізетін болған. Соған қарағанда, бүгінгідей алғашқы уызы құнды саналмаса керек. Үнділердің ежелгі эпикалық жырлары “Махабхарата” мен “Рамаянада” да омыраумен емізу жөнінде аз айтылмайды. Уланған Шиваның ана сүтімен емделгені туралы да аңыз бар.

Ислам дінінде. Біздің дініміз баланы екі жасқа дейін емізуге кеңес береді. Құрандағы Бақара сүресінің 233-аятында: “Аналар балаларын толық емізгісі келсе, екі жыл емізіп барып тоқтатсын” делінген. Бала емізудің маңыздылығы сондай, Алла тағала Бақара сүресінің 233-аятында, Ниса сүресінің 23-аятында, Хаж сүресінің 2-ші, Қасас сүресінің 7-12-аяттарында, Лұқман сүресінің 14-ші, Ахқаф сүресінің 15-ші, Талақ сүресінің 6-аяттарында, яғни Құранның 14 жерінде кездестіреді. Тіпті ол Құранда бір-ақ рет кездессе де, мән-маңыз беруге тұратын еді. Өйткені ол Раббымыздың өз сөзі ғой!

Мұсылмандар «ханның қызы болса да, баласын өзі емізуі керек» деген қағиданы ұстанады. Олардың ұғымынша әр баланың өз анасының сүтіне құқығы бар. Белгілі философ әрі дәрігер Ибн Сина: «Бала емізу мен оның тамақтануына қатысты мына нәрсені айтуға болады. Ана мүмкіндігінше баласын өзі емізгені дұрыс. Өйткені оның сүті сәби ана құрсағында жатқанда тамақтанған сұйықтыққа ұқсайды. Дәл осы сұйықтық кейін сүтке айналып, омыраудан шыққандықтан нәресте бұл тағамға тез үйренеді. Бала өз анасының омырауын еміп өссе, көптеген ауру-сырқаулардан алыс болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Емізу уақыты – жыл», – деп жазған.

Ана сүтінің құрамының таңғаларлық қасиеттері

Ана сүті баланың қажеттілігіне қарай ай сайын, жыл сайын, сағат сайын, тіпті сәт сайын өзгеріп тұрады екен.Тіпті 7 айлық болып, шала туған сәбидің анасының сүті де айы-күні жетіп, 9 айда босанған аналардың сүтіне қарағанда өзгеше болатын көрінеді. Нәресте дүниеге келе салысымен ана омырауынан сары түсті уыз шығады. Уыздың құрамы ақуызға, майға толы болады. Алғашқы күні 100 мл – 150 ккал, екінші күні 100 мл – 120 ккал болса, үшінші күні ол көрсеткіш 80 ккал-ға түседі екен. Осыдан-ақ уыздың калориясының қаншалықты жоғары екенін байқауға болады. Қазақта арық, аурушаң малды көрген адам: «Мынау уызына жарымаған ба?» деп жатады. Айтса айтқанындай, уызға жарыған бала да, төл де аурудан алшақ болады.

Алланың жаратудағы құдіретін көрмейсіздер ме, ана сүті балаға жазда салқын, қыста жылы болады екен. Мамандар ана сүтінің құрамындағы пайдалы дүниелердің көптігі сондай, нақты санын айта алмайды. Шамамен 400-500-ге жуық дейді. Ал қазір балалардың тамақтануына арналып шығарылған ең жақсы деген қоспа сүттердің құрамында ондай пайдалы заттар 40-50-ге дейін ғана.

Мұсылман ғалымдары Ниса сүресіндегі сүт аналардың балаларына үйленбеу туралы аятты ұзақ талқылады. Кейін ғылым баланың сүт арқылы ана ағзасындағы бүкіл ақпаратты қабылдайтындығын дәлелдегенде, Құран кереметіне тағы бір тәнті болды.

Екі жасқа дейін емізудің балаға пайдасы

  1. Нәресте дүниеге келе сала емізіліп, ана уызына әбден тойғаны дұрыс. Өйткені оның құрамында қант пен май аз, ал ақуыз көп болады. Ол жаңа туған сәбидің иммунитетін көтеріп, асқазанын ана сүтіне дайындайды.
  2. Ананың уызына тойған бала жұқпалы ауруларға аз ұшырайды.
  3. Баланы жастан асқаннан кейін де емізе беру ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Психологтардың айтуынша, жастан асқаннан кейін де емген бала тілалғыш, қағілез, зерек, сезімтал болып өседі.
  4. Ана сүті баланың жасына қарай өзгеріп отырады екен. Ол бала өскен сайын оның ағзасына керек дәрумендердің барлығын бере алады.
  5. Ана сүтінің құрамында иммуноглубин болғандықтан, ол сәбиді көптеген аурулардан сақтайды.
  6. Ұзақ емізілген балалар аллергиялық ауруларға аз ұшырайтыны ғылымда дәлелденіп отыр.
  7. Дәрігерлер 12 айдан ұзағырақ емізілген баланың тілі анық шығып, көзінің көру, құлағының есту қабілеті де артатынын айтады.
  8. Екі жасқа дейін емізілген бала өзге қатарластарына қарағанда физикалық жағынан да күшті болады.
  9. Көптеген педиатрлар баланы 2 жасқа дейін, тіпті одан да артық емізуге кеңес береді. Себебі ананың сүті балаға туған кезде қандай пайдалы болса, өскенде де қажеттілігі тура сол кездегідей жоғары деңгейде болады. Әрі ғылым мен білім дамыған ХХІ ғасырдың өзінде ананың сүтінің құрамын толық анықтап, айтып беретін формула әлі шыққан жоқ. Ең пайдалы деген бала тамағының өзі ана сүтін жартылай да алмастыра алмайды.

Екі жасқа дейін емізудің анаға пайдасы

  1. Дүние есігін енді ашқан сәбиін уызымен тамақтандыру жаңа босанған ананың жатырынан қан кетуінің алдын алатынын бүгінгі медицина дәлелдеп отыр. Нәтижесінде қазір жаңа туған нәрестені бұрынғыдай басқа палатаға алып кетпей, анасының кеудесіне бастырып, бірден емізуге рұқсат беретін болған.
  2. Ұрпақ жалғастыратын ағзаларының “демалысы”. Әйелдердің үштен бірінде емізіп жүрген кезінде аналық жасушаның жетілуі (овуляция) баяулайды да, ол мезгілсіз жүкті болып қалудан сақтайды. Бұл үшін әсіресе түнгі уақытта көбірек емізген дұрыс.
  3. Баласын екі жылға жуық емізген аналардың 54 пайызында 6 ай ғана емізген аналарға қарағанда омырау ісігі аз кездеседі екен.
  4. Ұзағырақ емізген ана жатыр ісігінен де аман болатынына дәрігерлердің көзі жетіп отыр.
  5. Жүктілік кезінде қосып алған салмақты емізе жүріп тастаудың мүмкіндігі мол. Өйткені сүт бездерінің жұмысына күніне 400-600 килокалорий кетеді екен.
  6. Балаларын емшектен ерте шығаратын аналарда сүт қатып қалып, олардың маммологқа жиі жүгінетінін көреміз. Кейде оның соңы қауіпті ауруларға да ұшыратып жатады. Ал жастан артық емізген аналарда мұндай қауіп сирек кездеседі. Бала ақырын-ақырын омырауды күніне бір-ақ рет, кейде екі-үш күнде бір рет еміп, ананың омырауындағы сүт табиғи түрде тартыла бастайды.
  7. Әлемдік Денсаулық сақтау Бірлестігі баланы емізу ана денсаулығының да бірден-бір кепілі екенін айтады. Емізу барысындағы алғашқы екі айда ана жатыры кішірейіп, жылыстаған өзге ағзалар өз орындарына орналаса бастайды екен. Тіпті екі жасқа дейін емізген әйелдерде іш қалмай, мүсіні бұрынғы қалпына келетін көрінеді.
  8. Емізіп жүрген әйелдерде депрессия аз болады.

Сәбиді екі жасқа дейін емізудің балаға ғана емес, анаға да көптеген пайдалары бар екенін бүгінгі медицина мен ғылым жарыса дәлелдеуде. Бірақ мұсылмандар мұны сонау VII ғасырдан бері біледі және білгендеріне амал етеді. Олардың бұлай істеуіне Құрандағы «Емізуді толықтырғысы келген аналар балаларын толық екі жыл емізеді…» деген аят жеткілікті. Өйткені Раббымыздың бұлай деуінде үлкен хикмет бар. Рас, біз бұл мақаламызда Құранның бір аятының айналасында ашылған, дәлелденген ғылыми жаңалықтарды тізіп беруге тырыстық. Ал екі жасқа дейін емізудің біз білмейтін, әлі ғылымға белгісіз жаңалықтары қаншама шығар!..

Марфуға Шапиян

Бөлісу

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!