Жастардың әскери салаға деген ынтасы бұрынғысынша жақсы. Бірақ мерзімді әскери борышты өтеуге келгенде көпшілігінің психологиялық-медициналық жағынан мүмкіндігі жетпей жатады. Бұл туралы алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, жоғарғы категориялы маман, «Қазақ халқында Кеңес дәуіріне дейін алғашқы әскерге дейінгі дайындық немесе арнайы дене тәрбиесі болған ба?» атты педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмысының авторы, Б.Момышұлы атындағы орденнің иегері, запастағы аға лейтенант Болат Усманов айтты.
Қазақстан Қарулы Күштерінің бүгінгі көрінісі
Шынтуайтына келгенде, кезіндегі айбынды Кеңес армиясымен бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің әскери құрылымдарының жасақталуында жер мен көктей айырмашылық бар. Бұрын мерзімдік шақырту бойынша қызметке ерекше көңіл бөліп, кәмелет жасына толған әрбір жасөспірім әскер қатарына алынса, қазіргі таңда рухани, моральдық және дене дайындығы жағынан жетілген, белгілі бір мамандық иесі келісімшарт бойынша іріктелетін кәсіпқой азаматтарға сұраныс жоғары. Қазір әскер саны жағынан жинақы, сапа жағынан ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлеріне, Әуе қорғаныс күштеріне, Әуе-теңіз күштеріндегі ұтқыр әскерге ауысып үлгерді. Әскер тектері бойынша Десанттық шабуылдау әскерлеріне, Ракета әскерлері және артиллерияға және бес қаруы сай арнайы мақсаттағы бесаспап жасақтарға басымдық берілген.
Практикалық оқу-дала дәрістері өтіп тұрады
Елімізде дәстүрлі мектеп оқушылары арасында әскери-патриоттық клубтардың республикалық жарыстары өтеді. Жастардың «Айбын» патриоттық жиыны, Отар әскери базасында осы саладағы барлық маман жиналатын, ҚР Қарулы Күштерінің бастамасымен заманауи әскери техника мен қару-жарақтың күш-қуатын көрсетілетін практикалық оқу-дала жиындары өтіп тұрады. ТМД және алыс-жақын шетел әскери қызметкерлерінің қатысуымен өтіп жатқан сайыстар жастардың әскери салаға деген қызығушылығын арттырады деген ойдамын.
Білім мекемелері жасөспірімдерді әскерге дайындау мәселесіне көңіл бөлуі қажет
Салыстырмалы деңгейде осы күндегі жастардың әскерге баруға деген талпынысы жоғары деп айтуға болады. Әттеген-айы — осы жастағы жеткіншектердің (Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің көктемдегі берген статистикалық дерегі бойынша) дене қасиеттерінің өсу қарқынын пайызға шаққанда, орташа дамуы (яғни, жылдамдық, қара күш, жалпы төзімділік, бойлары, салмағы, қимыл-қозғалысының үйлесімдігі) жалпы даму үрдісіне сәйкес болғанымен табан күмбездерінің дұрыс қалыптаспауы (плоскостопия), жүрек-қан тамырлары аурулары, беломыртқа, тізе буындарының жарақаттары, артық салмақ, әсіресе көру қабілетінің нашарлығы сияқты кемшіліктер елеңдетер дәрежеде өсіп кеткен. Әскерге шақырылушылардың бестен екі бөлігі психологиялық тұрғыдан алғанда ел қорғауға әзір емес. Жасөспірімдерді бастапқы әскери даярлыққа дайындау мектеп, колледж, кәсіптік техникалық мектептер мен лицейлердегі алғашқы әскери дайындық пәні оқытушыларынан педагогикалық шеберлікті, білгірлікті, бапкерлікті, практикалық іскерлікті қажет етіп отыр.
Әскеріміздің 2018 жылғы ұраны
Елі үшін, бір түйір жері үшін тау көтерсе де, тізесін бүгуді намыс көретін сындарлы сәтте еркектік мінез қалыптастыратын нағыз әскери борышын Отан алдында адал өтеп келген ер азаматтардың орны ерен. Десек те, мемлекеттік идеология («Ұлы дала әскері – «Мәңгілік ел» тірегі». Әскеріміздің 2018 жылғы ұраны) жастарды, халықты, мемлекет тұтастығын, жерінің бүтіндігін қорғауға, сүюге, мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, жұмылдыруға аздық етеді. Күші мол, қимылы батыл әрі сенімді, қиыншылықтар мен ауырпалықтарға төзімді, әскери істі ынта қойып меңгерген, машықтанған, көз ілеспес жылдам қимылды бозбалаларға зор ілтипатпен қарап, ел алдында лайықты құрмет көрсетіп, жастарға үлгі етіп, насихаттап отыру түптің түбінде күттірмей өз нәтижесін береді. Сонда ғана Атамекен үшін, Тәуелсіздік үшін ел мен жер мүддесі таласқа түскенде ақырып теңдік сұрайтын білімді, айбынды, елжанды, нағыз ұлтшыл азаматтар ел қорғау ісіне белсене араласады.