Қазақ атлеттері қосымша допинг сынақ тапсырады

Комитеттің хабарлауынша, сынақты 104 қазақстандық атлет тапсырады. Қосымша допинг сынақ 20 шілдеде басталған. Алынған сынамалар Германияның Дрезден қаласындағы зертханаға жолданады. Бұл зертхана Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігінің (WADA) куәлігіне ие.

«Сынақтан өтпей қалған атлеттерге елде қатаң санкция қолданылады», — делінген комитет хабарламасында.

Мәлімдемеде Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті мен Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық олимпиада комитеті мен WADA-ның допингке қатысты саясатын қолдайтыны жазылған. Сондай-ақ, комитет хабарламасында Халықаралық олимпиада комитетінің «Қазақстанның спорттағы допингпен күрес бағытын қолдайтыны» атап өтілген.