Сырғаны қай жаста тағады?
Сырға – қыз-келіншектердің құлаққа тағатын сәндік әшекей бұйымы. Құлағында сырғасы жоқ қызды көргенде көңілің алабұртып қалатыны да рас. Ол бейнебір әйел жаратылысының егізі іспеттес. Содан да болар ата-ана қызының құлағын тесіп, сырға салуға асық болады. Қазіргі таңда жасқа толмаған сәбидің құлағын тесіп, сырға қоятындарды жиі байқаймыз. Ал ертеректе қыз баланы қырқынан шығаран соң, сырғалығын дәнмен уқалап, жансыздандырып, отқа қыздырылған инемен тесіп, жібек жіп өткізіп қоятын болған. Кейінірек оны күміс сырғамен алмастырған. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген тілектен туындаған.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар мен түрікмендердің әдеп-ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеген неміс этнографы Рихард Карутцтың жазуынша, баланы ұзақ күткен немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен оның құлағын уақытынан бұрын тесіп қоятын болған екен. Ал қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова бұл туралы: «Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол тұлымшағы желбіреп асыр салып ойнап, балалық дәуренді басынан өткеруі тиіс. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғи да айтып келемін. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл — отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды» деп айтып жүр.
Халық аузында «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар. Яғни, ер бала үшін сүндетке отырғызу қандай мәнге ие болса, қыздың құлағын тесіп, сырға тағу да сондай мәнді білдіреді. Ол – қыздың бой түзеп, ертеңгі келін атанатын күнге дайындық жасауды бастайтын кезеңі. Құлақ тесу ғұрпын әулеттің апа-әжелері жасайды. Қызына «Сен енді сырғалы қыз болдың» деп ақылын айтып, үй шаруашылығына бейімдей бастайды. Кейін ол бой жетіп, теңін тапқанда сырға салынып, өзге жұрттық атанғанын көрсетеді. Бұл да – әшекейдің мән-маңызын арттыра түсетін ғұрыптардың бірі. Бұрынғының ата-анасы қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуына мән берген. Ондай сырғаны тағу арқылы қыз баладан өрбитін ұрпақтың көп болуын ырымдаған.
Сырғаның түрлері
Сырға жасалған материалы мен тәсіліне, пішінен қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, алтын сырға, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға және т.б. Сонымен қатар сырғаның тағылу әдісіне қарай да бірнеше атауы бар.
Мәселен, орыс зерттеушісі И.Г. Андреев «Қазақ әйелдері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді. Ол қыздың әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартады. Саусақтарына жүзікті молынан салады: ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады» деп жазады.
Демек, қазақ қыз-келіншектері мұрындарына да сырға таққанын аңғарамыз. Ол – зере сырға деп аталады. Әйгілі Құнанбай қажының анасы Зере әжеміздің де көз тимесін деп мұрнына зере тағып жүргендіктен Зере атанып кеткені туралы мәліметтер бар. Әйтпесе, ол кісінің шын есімі Тоқбала болған екен. Сондай-ақ, бас киімге және самайға тағылатын да сырға бар. Ол шекелік деп аталады. Кей жерлерде оны самайсырға деп те атайды.
Сырғаға қатысты айтылатын ырым-тыйымдар
Халық арасында сырғаға қатысты тараған ырым-тыйымдар көп. Мәселен, жүкті әйел немесе оның туыстары түсінде сырға көрсе, өмірге қыз келеді деп жорыған. Сондай-ақ, сырғаның құлақты өсек-аяңнан, әдепсіз сөзден тыятыны туралы да сенім бар. «Құлағыңа алтын сырға» деп, қажет емес мәліметті құлаққа ілмеу керек екенін ескерткен. Дегенмен бүгінде бұл сөз осыған қарама-қарсы мағынада, «назарға ал, тыңда» деген мағынада қолданылып жүр.
Сонымен қатар ертеде қай үйдің бой жетіп отырған қызы болса, керегеге, кілемге сырға іліп қоятын болған. Бұл келген қонақтарға үйде қыз бар екенін, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмағанын білідіреді. Естеріңізде болса, «Ер Төстік» ертегісінде осы туралы айтылады. Ерназар тоғыз ұлын бір үйдің тоғыз қызына үйлендіргісі келіп, ел арасын кезетін тұсы бар. «Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегенің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан:
— Неге жыладың? – деп сұрайды.
— Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын, тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын. Керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам, біреуі кем екен, соған жылап отырмын, — дейді Ерназар.
— Ендеше жылама, тағы біреуі бар, әне тұр, — деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. — Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бөлек тұрады, — деп сырғаны қайтадан іліп қояды». Бұл жоғарыда айтқан сөзімізді қуаттай түссе керек. Бүгінде бұндай ғұрып ұмыт қалып барады.
Материалды Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындады.