Алтын әшекейлер бір айда 0,3%-ға, бір жылда 6,9%-ға қымбаттады. Бұл туралы мәліметті Еnergyprom.kz сарапшылары жария етті.
Мамандардың мәліметінше, күзге қарай алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың бір грамының құны 15,7 мың теңге болды, бұл былтырмен салыстырғанда, 6,9%-ға жоғары. Күміс бұйымдардың бір грамының құны тамыз айының соңында 1,5 мың теңге болды, бұл — былтырмен салыстырғанда, 8,2%-ға жоғары.
Алтын әшекейлердің ең жоғарғы құны Астанада тіркелген (грамы 23,5 мың теңге, бір жыл ішінде 11,6%-ға жоғары), ең қымбат күміс әшекейлер Атырауда сатылған (грамы 2,1 мың теңге, бір жыл ішінде 10,8%-ға жоғары).
Елімізде соңғы жылдары күміс өндіру деңгейі төмендеді. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 575,4 тонна өңделмеген күміс шығарылған (бір жыл ішінде 9,4%-ға азайған), оның 570,3 тоннасы — тазартылған күміс (өткен жылға қарағанда 9%-ға аз).
Алтын өндірісі, керісінше, жыл сайын артып келеді: 7 айда 53,4 тонна өңделмеген алтын өндірілген (бір жыл ішінде 10,7%-ға жоғары), оның 28,2 тоннасы — тазартылған алтын (былтырға қарағанда 14%-ға жоғары).
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банктің әлемдік нарықта отандық алтын құймаларды танымал ете түсу үшін тазартылған бағалы металдың 4%-ына дейін шетелге сатқалы отырғаны хабарланған еді. 2018 жылдың басынан бері Ұлттық банк отандық металл өндірушілерден 33 тоннаға жуық тазартылған алтын сатып алған.