Көрмеге Қазақстан қолөнершілер одағының, қазақстандық зергерлердің және немістің әйгілі зергері Мартина Демпфтің жұмыстары қойылды. Көрмені Cultural Dialogue қоғамдық қоры және Қазақстан қолөнершілер одағы Қазақстан Гёте институтының қолдауымен ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты — тарихи-мәдени мұраларды насихаттау және оларды сақтаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету, елдің биомәдени алуантүрлілігін сақтау тақырыбына назар аудару.
Біздің өз мәдени ерекшелігіміз бар, ол — өзімізге тән шығармашылықтың негізі. Зергерлік бұйымдардың басқа да ұғымдармен өзара әрекеттесуі — қызық процесс. Бұл процесс мәдени мұраларымызды сақтай отырып, дәстүрлі және заманауи зергерлік бұйымдарды біріктіруге мүмкіндік береді, — дейді ұйымдастырушылар.
Зергерлік дизайн мен дизайнерліктің басқа да салаларының мені ең көп қызықтыратыны – мұнда өз дәстүрің мен тарихыңды заманауи аспектілермен тамаша үйлестіруге болады. Бұл өткен заман мен қазіргі заманның пікірталасқа түсуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте түрлі елдің зергерлік дизайнерлері бір-бірімен тәжірибе алмасуы керек. Осы мақсатпен Гёте институты әйгілі зергерлік бұйымдар дизайнері Мартина Демпфті Алматыға шақырды, — дейді Қазақстан Гёте институтының директоры Ева Шмитт.
Мартина Демпф Қазақстан қолөнершілер одағының мүшелерімен «Дәстүр және оның шегінен тыс» – Заманауи әшекейлер» тақырыбында тренинг өткізеді. Тренинг 14–17 қыркүйек аралығында өтеді. Өзінің және басқа елдердің зергерлерінің жұмысын мысалға келтіре отырып, ол кроссоверлер, заманауи дизайн және ұлттық ою-өрнектер негізінде бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетеді. Тренинг соңында қатысушылар өз өнімінің нобайын жасайды.
Мартина жоғарғы оқу орындары мен колледждерде «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша оқитын студенттерге арнап, «Заманауи дизайн жолында кеңірек ойла!» дәрісін оқиды. Сонымен қатар неміс дизайнері 18 қыркүйекте Қазақстан қолөнершілерінің үздік шығармашылық жұмыстарын анықтайтын Х «Шебер» Қазақстан қолөнершілерінің республикалық байқауына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысады.
Осы жылы «Шебер» Республикалық фестивалі мерейтойын тойлайтыны – қуанышты оқиға. Ұлттық бұйымдар көрмесі мен зергерлерге арналған тренинг біздің мерейтойлық шараларымызды ашып отыр, — деді Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша дүниежүзілік қолөнершілер одағының вице-президенті Айжан Бекқұлова.
Қазақстанның мәдени потенциалын дамыту үшін халықаралық жобаларға араласуымыз керек. Сонымен қатар бүкіл адамзаттың біртұтастығын ұғына отырып, мәдени алуантүрліліктің кеңірек формаларына талпынысымызды көрсетуіміз керек, — деп пікірін білдірді Cultural Dialogue ҚҚ директоры Жанна Мәмбетова.
«Дәстүр және оның шегінен тыс» атты ұлттық зергерлік әшекейлер көрмесі 20 қыркүйекке дейін жалғасады.