«Өткен жиындарда бiз санаулы ғана адам «Жер шетелге сатылмасын, жалға да берiлмесiн және өз адамдарымызға да сатылмасын, оларға жалға беруге ғана болады» – деген пiкiрге табан тiредiк. Бұл пiкiрден бiздi ешкiм трактормен сүйреп шығара алмайды. Өйткенi жердiң шетелге жалға берiлуi және өз қалталыларымызға сатылуы – болашақта Қазақстан мемлекетiнiң ыдырауына, қазақ ұлтының жойылуына кең жол ашады.
Ұлттық экономика министрлiгiнiң Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi және жер ресурстары басқару комитетi басқармасы бастығының 2016 жылдың 4 мамырындағы сөзi мынау:
«Қазақстан жерiнiң жалпы аумағы – 272 миллион гектар. Оның iшiнде ауыл шаруашылығына пайдаланып жүрген жер – 100 миллион гектар, бос жатқан босалқы жер – 100 миллион гектар. Жер 2003 жылдан берi сатылуда. Сол жылғы жер кодексi қабылданғаннан берi жердiң 3 миллион гектары жеке меншiкке сатылған. 65 мың гектар жер шетелдiктерге жалға берiлген. Шамамен 1,7 миллион гектар жер алғашқы сатылуға дайындалып жатыр».
Ендi Мұхамедкәрiм Қажырбайұлының мәлiметiне тоқталалық: «Елiмiздiң барлық көрiктi жерлерi әлдеқашан сатылып кеткен. Бәрiнiң сырты шарбақпен қоршалған. Iшiне мүлдем кiргiзбейдi. Кiргiзетiндерi әкесiнiң құнын сұрайды. Мысалы, Көкшетаудағы «Бурабай», Шымкент қаласы маңындағы «Машат» шатқалы Маңғыстаудағы «Ақмыш» пен «Талшалы»…
Ал өз рухтасымыз Дос Көшiм былай дейдi: «Бiз қазiр Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай қалдық, балық аулай алмай қалдық. Алакөл, Балқаш бәрi солай. Бөгенбай, Қабанбайлар тiрiлiп келсе, бетiн де жуа алмайды Қапшағайдан, өзiнiң қорғаған жерiнен. Мiне, 2003 жылы жер жекеменшiкке енiп, халықтың көрген күнi осы».
Қызылорда облысында Жер реформасы бойынша өткен қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшiмжан iрi жер иеленушiлер туралы ақпаратты ашық түрде жариялау мәселесiн көтердi: «Райымбек ауданының өзiнде барлық жердi төрт-ақ адам бөлiп алған. Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейiн меншiктеп алған».
Мен осыдан 12 жылдай уақыт бұрын Республика парламентiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар ауданындағы жердiң едәуiр бөлiгi арабтарға жалға берiлгенiн, олардың ол жердi түгелдей қоршап алғанын мәлiмдеген болатынмын. Ал, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының табиғаты әсем жерлерiн бiр қалталы адам жекешелендiрiп алыпты да, оның үлкен бөлiгiн арабтарға 49 жылға жалға берiптi.
Жер комиссиясының мүшесi Жанұзақ Әкiмнiң пiкiрiне жүгiнелiк. «1994 жылы Қазақстанның 10 миллион гектардай жерiн Ресей әскери полигоны ретiнде 80 жылға жалға алды. Ол полигондардың аймағында онкологиялық аурулардың деңгейi орташа статистикалық деңгейден 10-12 есе, ана мен бала өлiмi 2-3 есе жоғары. Қазақстанның iшiнде Ресейдiң полигондары мен әскерiнiң болуы – ол аннексияның бiр түрi. Елдегi қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкiлдерi БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң алдында Ресейдiң Қазақстандағы әскери полигонын жауып, ондағы әскердi елден шығару мәселесiн қойды».
Тағы бiр маңызды мәселе: “Жер туралы шындықты айтқан Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеден босатуды талап етемiз”!
Жуырда: «Жердiң iрi иеленушiлерi туралы ақпарат, мемлекеттiк құпиялар қатарына жатады, яғни ол жайлы арнайы заң бар. Жердiң иесi жайлы ақпаратты меншiк иесiнiң келiсiмi бойынша ғана жариялауға болады» – деген пiкiр айтылды.
Елiмiздiң үлкен қалталылары, үлкен ұрылары өздерiнiң жағдайларын жақсы қарастырған екен. Ондай әдiлдiк абыройынан жұрдай заңды бәрiмiз бiрлесiп «о дүниеге аттандыруымыз» керек.
Мәселен, барлық таулардың етектерiндегi шұрайлы жерлердi үлкен билiк басындағылардың жақын туыстары, iнiлерi, қыздары жекешелендiрiп алған. Егер ол мәлiметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзi далада қалуы мүмкiн. Бұл саладағы шындық ашылмай, елiмiздi үлкен қауiпке бөлеген жер проблемасының шешiлуi мүмкiн емес», — дейді Шаханов.