Қазақстанның Ұлттық банкі әлемдік нарықта отандық алтын құймаларды танымал ете түсу үшін тазартылған бағалы металдың 4%-ына дейін шетелге сатқалы отыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылдың басынан бері әлемдік биржаларда алтын бағасы 8%-ға төмендеді. Алтынның арзандауына АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемесінің артуынан доллардың нығаюы және Америка экономикасы бойынша оң көрсеткіштердің жария болуы ықпал етті.
Кейбір елдерге қарсы экономикалық санкциялар мен сауда шектеулерінің әсерінен шиеленіскен геосаяси фон нарықты одан әрі құбылтып, инвесторлардың анағұрлым қауіпсіз активтерді іздестіруіне себеп болып отыр. Экономикалық және саяси тұрақсыздық жағдайында алтын мен бағалы металдардың валюта мен құнды қағаз нарығындағы құбылмалылықтан сақтану құралы ретіндегі ролі артады. Орталық банктердің алтын қоры ұзақмерзімді перспективада қорғалғандық, өтемпаздық және табыстылық сияқты сипаттамаларға ие сақтандыру активтері бола алады, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
2018 жылдың басынан бері Ұлттық банк отандық металл өндірушілерден 33 тоннаға жуық тазартылған алтын сатып алған. Бүгінде Қазақстан алтын қоры жөнінен әлем бойынша 15-орында тұр, бұл жағынан еліміз биыл Сауд Арабиясын басып озды.