— Сіздің ойыңызша қазіргі қоғамда кітап оқитындардың саны көбейді ме, әлде азайып бара ма?
— Оны, шынын айтқанда, кітапханашылар біледі. Біздің жазушылардың міндеті — жазу. Бірақ жазған кітабың оқылмаса, ол жазушыға сын емес пе? Сондықтан мына бүгінгі Ұлттық академиялық кітапхана өткізіп отырған әлемдік оқу конгресінің үлкен пайдасы бар деп ойлаймын. Себебі мұнда «қайткенде қазақ елі оқитын елге айналады», «ұлтымыз қайткенде оқитын ұлтқа айналады» деген мәселелер талқыланады. Бұл жерде әлемдік тәжірибелер ортаға салынады. Соның ішінде, оқу технологиясы, мына қоғамдағы оқудың рөлі, сонымен қоса, цифрландырудың деңгейлері және тағы басқа. Бізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Цифрлық Қазақстан» деген өте заманауи бағыты бар. Біздің арғы-бергі тарихымыздағы кітаптардың ішіндегі білімнің барлығы цифрландырылса, оны игеру ұрпаққа жеңіл болады. Біз басқа әліпбиге көшкен жағдайда да бұл цифрландыру қажет. Сондықтан осы кітапханалардағы ақын-жазушылардың шығармаларын цифрландыру деген мәселе қалай жүргізіліп жатыр? Басқа елдерге қалай жүргізіліп жатыр? Бүгінгі оқу конгресінде осы мәселелер төнірегінде ой өрбітіледі. Алыстан, жақыннан жазушылар мен кітапханашылар келді. Жазушылар мен кітапханашылардың басқосуы деген қоғам үшін, оқырман үшін және кітаптың болашағы үшін өте қажет.
— Қазақстанда жылына қанша кітап жарық көреді?
— Бізде мемлекетпен бақыланбайтын жекеменшік баспалар өте көп. Қазір қай жерді қарасаңыз да — баспахана. Соның барлығы басып шығарып жатыр. Астраханьда, Омбыда жарық көрген қазақ жазушыларының кітаптарын да көрдім. Олардың ішінде халықаралық паспорт номерін алатыны да бар, алмайтыны да бар. Сондықтан кітап нарығын бақылау қазіргі кезде өте қиын. Сәйкесінше, нақты цифрды айту да қиын дер едім. Бізде кітапханалық, коллекторлық жүйе деген қазіргі кезде жойылып кеткен. Оларды түптің түбінде қалпына келтіру керек деп есептеймін. Сол кезде кітап жүйелі түрде шығарылады және жүйелі түрде сатыла бастайды.
— Қазіргі жастарды кітап оқуға қызықтыру үшін не істеу керек?
— Кітап оқуға итермелеудің түрлі жолы бар. Қазіргі уақытта электрондық кітаптар шықты. Әрине, электрондық кітаптар қағаз кітаптарды ешқашан алмастыра алмайды. Себебі, қағаз кітаптың жөні бір бөлек. Электрондық кітап дегеннің қалай болғанда да көзге зияны бар. Ал қағаз кітапта ондай зиян жоқ. Қағаз кітап артта қалған дүние сияқты болғанымен халқымыздың, ұлтымыздың білімі, ғылымы, ақыл-ой қазынасы сондай кітапта жатыр. Оның барлығы электрондық нұсқаға көшіріліп үлгерілген жоқ. Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасының өзінің қоры 1,5 миллион кітап екен. Соның ішінде, 100 мыңы ғана электрондық нұсқаға көшірілген. Себебі, оның барлығын электронға ауыстыру — үлкен шаруа. Ал енді цифрға көшкен кітапты табу оңай. Кітапханада жоқ қағаз кітапты электрондық түрде тауып алуға болады. Мен екеуін де бірдей қолдану дұрыс деп есептеймін.
Сондықтан бір жағынан қағаз кітапты шығаруды көбейту көбейтсек, екінші жағынан оларды цифрлық нұсқаға аударуды жалғастыра беру керек.
Мәселен, Мәскеуде метроға кірсеңіз, жаппай кітап оқып отырады. Бізде ондай үрдіс жоқ. Біз де сондайға көшуіміз керек. Ал басқа дамыған елдерде кітап оқу деңгейі жақсы. Сол үшін бізде оқырмандар, кітап шығарушылар мен кітап таратушылардың байланысын нығайту керек. Бұрынғыдай кітап сататын, кітап тарататын, кітап насихаттайтын орындарды көбейту керек. Бізде қазір кеңес заманында болған дүниелер жоқ. Көркем әдебиетті насихаттаудың жолы, міне — осындай.
Кітап саудасынан бөлек, сауда орындарында жүйе болуы керек. Қазіргі кезде олардың біреуі де жоқ. Бұрын, тіпті, кітапты насихаттайтын арнайы газет болды. Олардың барлығын қалпына келтіру үшін қаражат керек. Дегенмен ыждахат болса, ниет болса, ынта болса, табандылық болса, оның барлығын жеңуге болады. Дамыған технологияның заманында біз артта қалмас үшін, озық ұлтқа айналу үшін, өркениетті елдермен тереземіз тең болуы үшін кітап оқуымыз керек.
Айта кетейік, «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық оқу конгресінде облыстардағы кітапхана қызметкерлері Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасына 650-ден аса электрондық кітап көшірмесін әкелді.