«Қазгидромет» РМК мамандары 12 қыркүйектегі ерекше метеорологиялық құбылыстарға қатысты болжамын жария етті.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болады, түнгі және таңертеңгі уақытта солтүстік-батыс, солтүстік және шығыста жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал. Кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады. Республиканың солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде түнде және таңертең ызғар болады.
Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, желдің екпіні секундына 23 метрге дейін күшеюі мүмкін. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, 15-20 м/с жел соғады.
Қызылорда облысында да таңертең және күндіз жел күшейеді (15-20 м/с) соңы шаңды дауылға ұласады. Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде де секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Ақмола, Қарағанды облыстарында түнде және таңертең тұман түседі.
Түнде Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында 1-3 градус ызғар болады.