Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді

Президент Түркістанды дамыту жөнінде кеңес өткізді. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысына Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде мәлімделіп, облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.

Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістанға көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістанның тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды.

Бұл – түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлға жерленген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Түркістанның аумақтық даму тұжырымдамасы жөніндегі баяндамасы және Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Атап айтқанда, Президентке инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сонымен қатар қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.