«Яндекс» қазақстандықтарға кино көрсете бастады

Yandex.kz сайтында лицензиясы бар кинофильмдер пайда болды. Сапасы жоғары картиналарды тамашалау тегін. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан қолданушылары бұдан былай «Яндекстің» басты бетінде көрініп тұрған танымал фильмдерді, сериалдар мен мультфильмдерді тамашалай алады. Олар жанрына қарай топтастырылған: атыс-шабыс фильмдерінен драмалар мен комедияларға дейін бар. Әр фильмнің «КиноПоисктегі» рейтингі көрсетілген.

Ресурстың бір артықшылығы — фильмді көріп жатып, бетті жауып қалсаңыз, кейін ашқан кезде видеоның келген жерінен ары қарай жалғастыруға болады.

Біз адамдардың сапасы жақсы кино көргенін қалаймыз. Қазіргі уақытта біз 3000-нан астам фильмді лицензияладық, енді коллекциямызды біртіндеп көбейтеміз. Алдағы уақытта бұл контент қазақстандық «Яндекстің» басты бетінде ғана емес, басқа алаңдарда да, соның ішінде «Яндекс.Телепрограммада» да болады, — дейді «Яндекстің» Қазақстандағы директоры Артем Борисов.