Қазбек Шәріпов 21 жыл әскери қызметте болған. Қазір зейнеткер. Ол кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің банкнот фабрикасында бақылаушы, қарауыл бастығының көмекшісі, қарауыл бастығы, взвод командирі, әскери-шаруашылық көмекпен қамтамасыз ету жөніндегі басшы лауазымдарында қызмет еткен. Шені — аға прапорщик. Біз одан кәсіби саласындағы әлеуметтік және басқа да жеңілдіктерге қатысты пікірін білдік.
Әскери адам болудың артықшылығы да, оған қарастырылған жеңілдіктері де көп. Отан қорғау — әрқашан қасиетті борыш. Ел алдында еңбек ету, ер азаматқа тән жұмыс деп ойлаймын. Әскери жолды таңдауға әркімнің батылы бара бермейді. Өзім әскери адам болуды бала кезден армандадым және осы қызметте зейнеткер болғанша қызмет еттім. Әскери адам болу да оңай жұмыс емес, себебі — мойныңа үлкен жауапкершілікті аласың. Бір артықшылығы — әскери адамдар зейнетке 45 жасында шығады және арнайы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Қазбек Шәріповтің айтуынша, әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауға қатысты заңнама бойынша оның отбасына ішкі істер емханасында тегін медициналық көмек көрсетілген. Жеке басында жылжымайтын мүлік болмағандықтан және 20 жылдан аса үзілмеген еңбек өтілімі болғандықтан мемлекет тарапынан берілетін тегін пәтердің орнына ол 2016 жылы қаржылай өтемақы алған.
Заң бойынша баспана мәселесінен әкери адамдар қиындық көрмеуі керек. Дегенмен қазіргі кезде әскери адамдардың бірінде баспана мәселесі шешілсе, бірі әлі күнге дейін бұл мәселенің шешімін таппай жүр. Егер әскери адам отбасымен пәтер жалдап тұрса, онда отбасындағы әр адамға 50 мың теңге көлемінде қаражат табысталады. Мысалы, 1990 жылдары әскери адамдарға 50% жеңілдік жасалатын.
Жалпы Қазақстанның Қарулы күштерінде немесе қорғаныс саласында қызмет ететін азаматтарға мемлекеттен қандай әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіледі? Қандай мемлекеттік қызмет түрлері бойынша оларға артықшылық беріледі? Baribar.kz мемлекеттік органдардың мәліметі негізінде бәрін егжей-тегжейлі баяндайды.
Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету
Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері
- жұбайы;
- кәмелетке толмаған балалары (асырап алынған немесе тәуелді)
- 23 жасқа толған, күндізгі білім беру ұйымдарында оқитын балалары;
- 18 жасқа толмаған мүгедек балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығында);
- ата-анасы;
мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.
2018 жылдан бастап әскери қызметшілер мен мемлекеттік орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін үй жалдауға ғана емес, баспана сатып алуға да пайдалана алады.
Баспана алу үшін жеңілдіктердің болуы туралы анықтаманы Ұлы Отан соғысының мүгедектері және қатысушылары, Чернобыль АЭС апатын жоюшылар, интернационалист жауынгерлер онлайн ала алады. Ол үшін ЭЦҚ керек емес. Анықтама олардың жеке өзіне ғана емес, туысқандарына да беріледі.
Әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету
Әскери қызметшілер мемлекет есебінен әскери-медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілерге қызмет орны мен тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекеме, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы, жекеменшік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан тегін медициналық көмек көрсетіледі.
Жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары және жекеменшік медициналық практикамен айналысатын адамдар әскери қызметкерлерге көмек көрсеткен жағдайда кеткен шығын ҚР Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттің бюджетінен алынады.
Әскери қызметшілердің емделуіне жұмсалған қаражатты ол қызмет ететін уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде өтейді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузияға ұшыраған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер ол әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштер қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.
Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орнының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделуге жіберіледі.