Басты бетЖаңалықтар"Астана Опера"...

«Астана Опера» театрында әлемге танымал музыканттар өнер көрсетеді

Атап айтсақ, П.И.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты виолончелист әрі дирижер Давид Герингас, С.Кнушевицкий атындағы Халықаралық байқаудың лауреаты Дали Гуцериева (виолончель) және Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы Екатерина Лехина (сопрано) шығады. «Орындаушылық өнердің жарық жұлдыздары» кеші «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің өнер көрсетуімен өтеді. Концерт 16 қыркүйекте кешкі сағат 18.00-де өтеді.

Тыңдарман назарына Франц фон Зуппенің «Ақын және шаруа» увертюрасы, Константин Боярскийдің виолончель, сопрано және симфониялық оркестрге арналған концерт-сюитасы ұсынылады. Сонымен қатар Макс Брухтың виолончель мен оркестрге арналған «Кол нидрей» туындысы шырқалып, кеш Феликс Мендельсонның 4-Симфониясымен  («Итальян», op.90) жабылады.

«Астана Опера» Симфониялық оркестріне маэстро Давид Герингас дирижерлік етеді. Бұдан бөлек ол Макс Брухтың «Кол нидрей» туындысын орындап, виолончелист ретінде де жеке өнер көрсетеді.

Дали Гуцериевамен бірге Константин Боярскийдің дауыс, виолончель және оркестрге арналған сюитасын Үлкен театрдың солисі, 2007 жылы Пласидо Домингоның «Опералия» Халықаралық жас вокалистер байқауының лауреаты атанған әнші-сопрано Екатерина Лехина орындайды.