Алматының Саин көшесі 3 шақырымға ұзарады

Рысқұлов даңғылынан бастап Ақын Сараға көшесіне дейін жол ұзартылады. Жаңартылған аймақ қала маңының солтүстік бөлігі мен мегаполистің негізгі магистральдарын байланыстырады.

Алматы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері құрылыс жұмысы қаржы мәселесі шешілгеннен кейін бірден басталатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта құрылысшылар Назарбаев, Райымбек және Жансүгіров даңғылындағы жаңарту жұмысын аяқтап жатыр. Жұмысты белгіленген уақытынан ертерек, яғни 2018 жылдың қараша айында тапсыру жоспарланған.

«Назарбаев даңғылын пайдалануға рұқсат бергеннен кейін кептеліс 20 пайызға төмендейді деп жоспарлап отырмыз. Қаланың солтүстік бөлігін орталыққа жалғайтын іргелес басты көшелерінде болатын кептеліс те айтарлықтай азаяды», — деп мәлімдеді Алматы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ернұр Абжахан.

Ірі құрылыс Абай даңғылында да жүргізіледі. Келесі жылы батыс бағыттағы, сонымен қатар ауыр техника жұмыс істейтін Хмельницкий көшесіндегі жұмыстар да аяқталмақ. Құрылыста мердігерлер сейсмикалылық және ауыр жүктемені ескере отырып, еуропалық технологияларды пайдаланған.

«Мұнда ортотропты табақша мен эстакада қолданылған. Еуропалық «Тенсар» технологиясының әдісі ескерілді. Бұл жобаның құнын едәуір азайтады, ал конструкция  да маңызын жоғалтпайды», — дейді мердігерлік ұйымның жетекші инженері Ермек Ниязбаев.

ДереккөзTengrinews.kz