Руслан Күлікбаевтың әйелі: «Менің не кінәм бар? Неге олар мені қинай береді?»

Арам ойын тіпті түрмеде жатып жоспарлағанын тергеушілерге өзі айтып беріпті. Бірақ Аяулым Үмбетқұлова күйеуінің нақты жоспарын білмедім дейді. Оның үстіне соңғы кезде үйде де жанжал жиілеп, тіпті әйелін қоқан-лоққы жасап ұстап отырған екен. Ал ажырасып кетуге келіншектің жүрегі дауаламаған.

«Ая басқа біреуге тиіп бақытты болып кетемін деп ойлама деді. Сені сол байыңмен қосып өлтіріп кетемін деді. Атып кетемін деген жоқ өлтіріп кетемін деді. Басқа қалаға қашып кетсем не істейсің дедім. Қашып кете бер, үйіңдегі жақын біреуді өлтіремін, әкеңді, шешеңді деді. Сол өлікке келесің ғой сол кезде тауып алып, сені де өлтіремін деді», — дейді Руслан Күлікбаевтың әйелі Аяулым Үмбетқұлова.

Аяулымның айтуынша, күйеуі кісі өлтіруден тайсалмайтын мінезді түрмеден тауып келген. Полицейлерге шабуыл жасауды да сол темір тордың арғы бетінде жатып-ақ ойластырыпты. Сөйтіп, ұзақ уақыт жоғалып кететінді де шығарған. Сондықтан Аяулым лаңкестің қамалғанына қатты қынжылып отырған жоқ. Керісінше күйеуінің кесірінен басы бәлеге қалып, тергеушілерден теперіш көріп жатқанын жайып салды. Қатты қорқып қалған ол өзіне құқықтық кеңес беретін заңгерлерден көмек сұрап отыр.

«Шегіп отырған темекісінің қорабын лақтырды. Сөйтіп қоқан-лоққы көрсетіп жатыр. Менің не кінәм бар? Неге олар мені қинай береді?», — дейді Руслан Күлікбаевтың әйелі Аяулым Үмбетқұлова.