Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өңір басшысы мен жергілікті кәсіпкерлер Татарстан Республикасы президенті бастаған делегациямен кездесті.
Іскерлік форумды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық байланыстың жоғары деңгейін атап өтіп, қос елдің қарым-қатынасының дамуындағы Татарстанның салмақты үлесін таразылады.
Қазақстан мен Татарстан тарихы мен орналасу жеріне байланысты бір-біріне өте жақын мемлекеттер, екі елді экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси қатынастар байланыстырады. Соңғы 3 жыл ішінде БҚО мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард доллар болды. Соның 200 миллион доллары Татарстанға тиесілі. Мемлекет басшыларының қатысуымен жыл сайын өтетін аймақаралық форум өткен жылы Челябіде болса, биыл Петропавлда өтпек. Ондағы талқыға салынатын басты мәселе – Ресей мен Қазақстанда туризмді дамыту. Бұл бағытта бізде зор әлеует бар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер туризмі күллі еліміз бойынша бірінші орында. Біздің облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі мен экология орталығына ЮНЕСКО-ның құрметті клубы мәртебесі берілген, — деді Алтай Көлгінов.
Облыс басшысы батысқазақстандықтардың Татарстанға барып, Қазанның көрікті жерлерін сүйсіне аралайтынын да айта отырып, татарларды біздің өңірдегі мәдени, тарихи орындармен танысуға шақырды. Сонымен бірге туризм инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған шаруалар жайын сөз етті.
Туризм жаңа өсу нүктелерін табуға көмектеседі, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.
Татарстан Президенті Рустам Минниханов Батыс Қазақстан мен Оралға шақырту алғанына және Сабантойды өткізуге қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдірді.
Татарстан мен Қазақстан арасындағы әріптестік белсенді даму үстінде. Бұндай қатынастың орнағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дән ризамыз. Себебі ол бауыр елдердің қарым-қатынасын дамыту бойынша үлкен жұмыс істеп жатыр, — деді Татарстан Президенті.
Ол бүгінгі басқосу екі ел арасындағы байланыс одан әрі дамуына зор ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен бірге жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, оның ішінде балалар және жастар туризмі бойынша қызығушылық танытты.
Іскерлік форум соңында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестік жөнінде БҚО-ның Тасқала мен Татарстанның Ақтаныш аудандары арасында меморандумға қол қойылды. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Градиент Килби» компаниясы арасында ниеттеме хаттамасы жасалды. Сонымен бірге «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мен «Судостроительная корпорация «Ак Барс» АҚ арасында әріптестік жөнінде меморандум жасалды.
Жиыннан кейін Татарстан делегациясы облыс әкімінің бастауымен татарлардың Қызыл мешітінде, татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың музей-үйінде болды. Сонымен қатар Ғабдолла Тоқай мен ұлы Абайдың ескерткіштеріне гүл қойды. Бұдан кейін татарстандық делегация Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйіндегі татар диаспорасымен және облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Қазақстанның басты байлығы – көпұлтты халқы. Елбасы өзге ешбір елде жоқ институт — Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елімізде 130 ұлт өкілі тұрады, ал біздің өңірде 87 ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Татар бауырларымыз — ассамблеяның белсенді бөлігі, — деді Алтай Көлгінов.
Бұдан кейін меймандар ҚР Тұңғыш Президенті алаңында ұйымдастырылған татар халқының ұлттық Сабантой мейрамы мен қазақ халқының «Дәстүр» мерекесіне қатысты.
Сабантоймен мерекесімен құттықтаған Татарстан Президенті Оралдың татар халқы үшін ерекше киелі мекен екенін атап өтті.
Батыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов өңірдегі бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өндірістік орындарды аралау барысында екі жақ әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін айқындап, бірлесіп жұмыс істеуге келісті.