Басты бетЖаңалықтар"Діни қатынастар...

«Діни қатынастар саласында радикалдыққа жол жоқ» — семинар

Радиоэлектроника және байланыс институтында әскери қызметкерлерге діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу мәселелеріне арналған дәріс өтті. Бұл — Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының іс-шаралар жоспары аясындағы кезекті семинар.

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу —  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа 2017 жылы арнаған Жолдауындағы басты міндеттердің бірі.

Елбасы қоғамда діни қарым-қатынас саласындағы радикал көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қалыптастыруды тапсырған болатын.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек, — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл — қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын міндет. Сол себепті оны іске асыруға мемлекеттік органдармен бірге үкіметтік емес сектор да белсенді араласып отыр.

Әскери институтта өткен семинар Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын түсіндіруге арналды.

Теолог, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Асхат Құмашев дәстүрлі діни бағыттың құндылықтары жайлы әңгімеледі. Маман экстремистік бағыттағы діни ағым өкілдерінің үгіттеуіне түсіп кетпеу жолдарын айтып, әскери қызметкерлердің дін туралы сұрақтарына жауап берді.

ХХ ғасырда интернет желісі арқылы жастардың ақыл-ойы мен психологиясы арасына сызат түсіп отыр. Жан-дүниеміз бен ақылымызды қатар алып жүру үшін, санамызға ешбір қате ой салмау үшін әрдайым моральдық және рухани бағытта дұрыс шешім қабылдауымызға тура келеді, — деді теолог.