Алматыдағы «Мекке» мешітінде жамағатқа діни экстремизм мен терроризмді болдырмау және оның көріністеріне қарсы тұру жайы түсіндірілді. Шараны Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен қалалық ішкі саясат «Мониторинг және талдау» орталығы ұйымдастырды.
Мамандар барлығы 150-ден астам адамға дәріс оқыды. Мешітке келушілер дәрісті тыңдап болған орталық өкілдеріне көп сұрақ қойды. Жамағат қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарға шариғатпен тыйым салу керектігі туралы айтты. Бірақ мамандар зайырлы мемлекетте тиісті құзырлы органдардың араласуынсыз, олардың шешімінсіз діни түсінік бойынша қатал жазаны қолдау заңға да, демократия қағидаларына да қайшы келетінін түсіндірді.
Діни экстремизм мен терроризмді болдырмау жөніндегі баяндамасында философия ғылымдарының докторы, доцент Бағдат Бейсенов те діни тыйымдарды еліміздің заңдарынан үстем тұратын абсолют шара деп қабылдамау керек екенін айтты. Ол бүлікші топтар мен дәстүрлі дін талаптарының айырмашылығын ашып көрсетті.
Экстремизм дегеніміз – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Мұндай экстремизмнің негізін зорлық, агрессия және шектен шыққан қаталдық құрайды. Сонымен қатар экстремистер азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн дiни тәжірибелерді қолданады, — деді ғалым.