Қазақстан аумағында адамдарды діни және басқа да ерекшеліктері бойынша кемсітпеу, елде дінаралық араздықты қоздыруға бағытталған ұйымдардың құрылуына жол бермеу және діни-саяси партияларды шетелдік қаржы көздерінің қолдауына тыйым салу — этносаралық және дінаралық татулық пен келісімнің республика Конституциясы кепілдік беріп отырған жарқын қағидасы. Бұл туралы Алматыда ҚР Конституциясы күніне орай өткен конференцияда айтылды.
Ғылыми-әдістемелік басқосу «Қазіргі қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім моделі» деп аталды. Шараны Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Конференция әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасының мәжіліс залында өтті. Оған Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Қиқымов, «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қорының құрылтайшысы Кәкімжан Бишманов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі, «Дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов және дін саласындағы алдыңғы қатарлы мамандар мен студенттер қатысты.
Қазақстан Конституциясы діни қатынастардың орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, елімізде ұлттық-діни жарасым мен татулық принциптерінің жетілуіне, зайырлы және демократиялық қоғам құндылықтарының сақталуына кепілдік береді. Конференцияда негізгі заңның осы артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сонымен бірге заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады. Еліміздің басты заңында республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді. Шетелдік діни бірлестіктердің республика аумағындағы қызметі, шетелдік діни орталықтардың діни бірлестіктер басшыларын тағайындау республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады, — деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова.
Сонымен қатар ғылыми шарада дәстүрлі діндердің құндылықтарын дәріптей отырып, жастардың рухани адамгершілігін қалыптастыру, тұрғындар арасында толерантты сана қалыптастыру, жастар арасында этносаралық және конфессияаралық келеңсіздіктерге жол бермеу туралы да бірнеше дәріс оқылды.