Басты бетЖаңалықтарҚазақ балуаны...

Қазақ балуаны Риодағы Олимпиада ойындарына қатысатын болды

Олимпиада алдындағы рейтингте Дидар Хамза үздіктер қатарына енген жоқ. Себебі, Дидардың ересектер арасында күресе бастағанына көп болмаған. Сондықтан, оған Олимпиадаға ұпай жинау үшін уақыттың аздығы кедергі болған еді.

Алайда, Халықаралық дзюдо федерациясы Олимпиадаға жолдама алған канадалық балуан Артур Маргелдионның қанынан допинг тауып, оны жарыстан шеттетті. Осылайша, резервте тұрған қазақ балуаны Дидар Хамза Риодағы ойындарға қатысу құқығын иеленді.

«Иншалла, Рио 2016! Өзім де бүгін естіп қуанып жатырмын», — деп жазды спортшы желідегі парақшасында.

Дидар Хамза жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында Австрияда өткен Еуропа ашық кубогінің жеңімпазы, Алматыда өткен Гран-при турнирінің қола жүлдегері. Дидар осы турнирде Олимпиада ойындарының жүлдегері, моңғолиялық Ням-Очир Саинжаргалды жеңген болатын.

Рио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын дзюдошылар саны осылайша тағы бірге көбейді. Осыған дейін Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі) және Максим Раков (100 келіге дейін) Олимпиада жолдамасын иеленген.