Батыс Қазақстанда Дәдем ата кесенесіне жол салынады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында елімізде арнайы жасақталған киелі жерлердің картасына Батыс Қазақстан облысынан енген нысандардың бірі – Дәдем ата Жұмағазы хазірет кесенесі.

Күні бүгін кесене жанынан қонақүй салынған. Су, электр желілері тартылған. Басында қарап отырған шырақшысы бар. Ол хазіреттің тікелей ұрпағы — Ғарифолла Баймұратұлы. Бүгінде мұнда күн сайын келіп жатқан адам көп, ал сенбі-жексенбі күндері зияратқа келген адамсаны 250-300-ге жетеді екен.

Таяуда облыс әкімі Алтай Көлгінов кесене басына арнайы барып, халықты көптен толғандырып жүрген зиратқа дейінгі жол мәселесі алдағы жылы шешілетіндігін мәлімдеді. Енді тиісті органдар тарапынан жобалық құжаттар әзірленіп отыр.

Жұмағазы хазірет туралы аз-кем дерек берер болсақ, оның қай жылы дүние есігін ашқаны туралы нақты деректер жоқ. Белгілісі — Кіші жүздің Жетіруына кіретін Тама руынан екендігі. Хазірет жас кезінде біраз жыл Түркістанда, Әзірет Сұлтан мешітінде әрі білім алған, әрі қызметінде болған. Ел аузында ол туралы аңыз-әфсана көп. Олардың көпшілігінде хазіреттің ерекше қасиеті, елден ерек тылсым күші туралы сыр шертіледі. Ол кісінің мешіті, медресесі болғаны, шәкірт тәрбиелегені, өте тақуа, ешкімге зиян жасамайтын ақжүрек адам болғаны туралы көнекөз ақсақалдар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

2009 жылы Ғарифолла Баймұратұлы «Дәдем ата» қорын тіркеуден өткізді. Басына кесене көтерді. Ол қазақ халқының әулиелерге құрметін білу үшін Қазақстанның әр жеріндегі киелі мекендерді арнайы көріп қайтқан.

Бабамыздың көптеген қолжазбасы, пәлсапалық трактаттары болған екен. Кешегі аласапырандарда жоғалып кеткен. Бір дерегі шыға ма деп Астрахань, Орынбор, Алматы архивтеріне сұрау салып көрдім. Әттең, әзірге ештеңе табылмай тұр. Дегенмен бұл бағыттағы ізденістерді одан әрі жалғастырып жатырмын, — дейді Ғарифолла Баймұратұлы.