Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Борсы ауылы маңында қазақтың үлкен ойшылы, ақын, аудармашы Ғұмар Қарашқа кесене тұрғызылды.
Ғұламаға арналған кесененің ашылу рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстық «Рухани қазына» кіші бағдарламасының жетекшісі Қадырболат Мұсағалиев, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері Гүлсім Задашқызы арнайы келді.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданға ат басын тіреген қонақтарға қош келдің айтып, жиналған қауымды құттықтады.
Аудан үшін өткен жылдың жағымды жаңалықтарының бірі — Ғұмар Қараш жерленген қорымның «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына енуі. Бұдан бұрын да ел ақсақалдары тарапынан бабамызға кесене тұрғызу жөнінде ұсыныстар айтылып келген болатын. Енді міне, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осы игі бастаманың жүзеге асуына сеп болды. Барша жерлестерімізге, шаруа қожалық жетекшілеріне, кәсіпкерлерге сауапты, әрі игі іске ауызбіршілікпен атсалысып, ақын атындағы қорға қаржылай қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіремін, — деді аудан басшысы.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар аталмыш бағдарламаның «Туған жер» жобасына тоқталып өтті.
«Туған жер» аясында облысымызда 130 жоба жүзеге асырылып, осы жобаларға демеушілер 2,3 миллиард теңге қаржы жұмсады. Нақтырақ айтсам, жаңадан 10 әлеуметтік нысан, 5 мәдениет нысаны салынса, 24 бақ абаттандырылып, 21 нысанның материалдық-техникалық базалары жаңартылды. Облыс көлеміндегі жеті киелі нысан тізіміне енгізілген жерлердің бірі Ғұмар Қараш бейіті еді. Міне, біз бүгін елім деп жүректері соққан, туған еліне қамқор бола білген жерлес демеушілер арқасында салынған керемет кесененің ашылуына куә болып отырмыз, — деп ағынан жарылды ол.
Сонымен қатар шарада жергілікті мәдениет ошағының қызметкерлері ақынның бейнесін сомдап, көрініс көрсетсе, аудан кітапханашылары «Жойылмаса игі еді артта қалған ізіміз…» атты көрме-инсталляциясын жасақтады. Соңынан кесене маңында бой көтерген ақшаңқан киіз үйлерде жиналған жұртшылыққа баба рухына арнап ас берілді.