Жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарызы теңгеге ауыстырылады

2018 жылғы 27 наурызда Қазақстан Ұлттық банкі басқармасы 2015 жылғы
сәуірде қабылданған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына
өзгерістер мен толықтыруларды бекітті. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарламада жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін теңгемен алынған
валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландыру көзделеді. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банктің қаражаты есебінен 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Банктер қарыздарды қайта қаржыландырған кезде 136 миллиард теңгеден астам сомаға сыйақы, өсімпұл (тұрақсыздық айыбы), комиссиялар бойынша қарыз алушылардың берешегін кешіреді.

Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болады. 2016 жылы 1 қаңтарда шетел валютасында табысы жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздарды беруге тыйым салынғанын ескерсек, бағдарламаны жүзеге асыру банктердің портфельдеріндегі шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды жоққа шығарады және халық үшін келешекте валюталық тәуекелді болдырмайды, — деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының
бастығы Александр Терентьев.

Басқарма бастығы банктердің валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі
2018 жылғы 30 желтоқсанда, қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш
беру мерзімі — 2018 жылғы 15 желтоқсанда аяқталатынына назар аударды. Ол қарыздың бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылардың кредитор банкке өтініш беруі қажет екенін атап өтті.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ, ForteBank АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ,
«АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, Kaspi Bank АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық
банк» АҚ, Altyn Bank АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, Bank RBK АҚ, KZI Bank АҚ,
AsiaCredit Bank АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕБ, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ, Capital Bank
Kazakhstan АҚ және «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ валюталық
ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға кірісті.

2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер валюталық қарыздарды
қайта қаржыландыруға 22,2 миллиард теңге сомасына 2 504 өтінімді мақұлдады және 11,7 миллиард теңге сомасына 1 551 қарыз қайта қаржыландырылды. Өңірлер мен банктер бойынша ақпаратпен http://www.nationalbank.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі арқылы «Банктердің ақшаны игеруі туралы ақпарат» бөлімінде толығырақ танысуға болады.

Александр Терентьев бағдарламаның 2004 — 2009 жылдар аралығындағы
кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталғанын
ескертті. Көрсетілген қарыздарды қайта қаржыландыруға Қазақстан Ұлттық банкі 130
миллиард теңге бөлді. Сонымен қатар Ұлттық банктің қаражаты есебінен сотқа талап арыз бергенде банктер төлейтін мемлекеттік баж салығы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың 300 миллион теңгеден астам сомаға берешегі өтелді және проблемалық валюталық қарыздар бойынша 8 миллиард теңгеден астам сомаға бағам айырмасы төленді.

2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде банктер
тарапынан 154,3 миллиард теңге сомасына 24 853 қарыз мақұлданды, 131,5 миллиард теңге сомасына 22 665 қарыз қайта қаржыландырылды. 2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірлер және банктер бөлігінде мақұлданған және қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыздар жөніндегі ақпаратпен http://www.nationalbank.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі бойынша «Банктердің
ақшаны игеруі туралы ақпарат» бөлімінде танысуға болады.

«Бағдарлама өлшемшарттарына сәйкес келетін, бірақ қайта қаржыландыру үшін
банкке өтініш бермеген қарыз алушылардың қарыздары бойынша бағдарламада белгіленген қайта қаржыландыру мерзімі аяқталғаннан кейін банктер қолданыстағы
заңнамада көзделген қарыздарды өндіріп алу рәсімдерін қайта бастауға құқылы. Бұл
ретте, Ұлттық банк бұдан былай қарыз алушыларға банктердің өндіріп алу рәсімдерін жүргізуін тоқтата тұруға жәрдемдесе алмайды, — деп хабарлады Терентьев.

Қазақстан Ұлттық банкі ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін барлығы 300 миллиард теңгеден астам бөліп отыр.