Басты бетЖаңалықтарДопингпен ұсталған...

Допингпен ұсталған Қазақстан спортшыларының саны 26-ға жетті

ҚР Допингке қарсы күрес ұлттық орталығының сайты ойын кезінде тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін дисквалификацияға ұшыраған спортшылардың жаңартылған тізімін жариялады.

Сайттың мәліметінше, бұл тізімге тағы жеті қазақстандық ойыншы кіріп отыр. Оның бірі — 2014 жылы антидопинг ережесін бұзғаны үшін ойыннан шеттелген велошабандоз Виктор Окишев. 2018 жылдың сараптамасы бойынша ойыншының анализінен тыйым салынған эритропоэтин препараты анықталған. Окишев сегіз жылға яғни, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2026 жылдың 30 маусымына дейін дисквалификацияланды.

Сонымен бірге допинг қолданғаны үшін ауыратлет Роберт Карнаухов (нандролон, кломифен), жүзуші Риат Жұмағұлов (метилгексанамин, хигенамин) пен жеңілатлет Евгения Фондюшина (сибутрамин), Александр Лях (метилгексанамин), Игорь Кондратьев (метилгексанамин) және Вероника Брославская (мельдоний) ұсталып отыр.

Сөйтіп, 2018 жылдың басынан бері допингке қарсы ережені бұзған қазақстандық спортшылардың саны 26-ға жетті. Еске сала кетейік, 6 тамыз күні көркем гимнаст Сабина Әшірбаева мен ауыратлет Владимир Седов анализінде допинг анықталғандықтан дисквалификацияланған еді.

ДереккөзVesti.kz