ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мамандары балаларға арналған қауіпті ойыншықтарды анықтады. Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысындағы ай сайынғы мониторинг барысында L.O.L. қуыршақтарының балалар денсаулығына зиян екені белгілі болды.
Мұндай қуыршақтарды Қытайдың YiliHansonTradeLogisticsCo., Ltd компаниясы өндіреді. Ойыншық құрамында фенол мен формальдегидтің рұқсат етілген мөлшерінен екі немесе бірнеше ондаған есе көп екені анықталды.
L.O.L. қуыршақтарының бұл партиясы Ресей Федерациясының сәйкестікті растау жөніндегі органы берген сертификатпен әкелінген. Бірақ сертификаттардың бірі заңға сай келмей шықты, ол туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу комитетіне хабар берілді, бұл сертификаттардың күші жойылып, Ресейдің Аккредитация жөніндегі федералдық қызметіне ескертіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті талапқа сай келмейтін өнімді тәркілеуге кірісті, республика аумағында лабораториялық бақылау күшейтілді, ойыншық сатушыларға әкімшілік шаралар қолданылады, оларды ел аумағына жеткізушілер тексеріледі.
Мамандардың айтуынша, қазір мұндай қуыршақтарды балалар қатты жақсы көреді. Бірақ енді олардың қаупі мен зияны туралы біліп жүру керек.
Сондықтан Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ата-аналардан ойыншық сатып аларда аса жауапты болуды сұрайды және сатушылардан өнім қауіпсіздігін растайтын сертификатты талап етуге кеңес береді. Сонымен қатар өнімнің маркировкасына, өндірушісі туралы мәліметіне, оның өндірілген материалының құрамына және қандай жас шамасына арналғанына мән беруге тура келеді, — делінген ведомствоның хабарламасында.