Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен салтанатты іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының көрнекті қоғам қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерекелік шараны ашып, мемлекеттік тіл саясатының табысты іске асырылып жатқаны туралы айтты:
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң қолданыста, елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Үш тілде білім беру саясаты іске асырылып, Қазақстандағы этнос өкілдері үшін ана тілдерін оқуға қолдау көрсетілді. Өткен жылы Қазақстан Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Оны іске асыру үшін Үкімет жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Үкімет 2025 жылға дейін латын графикасына кезең кезеңімен көшірудің жоспарын бекітті. Біз «Тіл-Қазына» ұлттық практикалық орталығын құрдық. Қазір республикамызда латын графикасына негізделген жаңа емле ережесі апробациядан өткізіліп жатыр.
Салтанатты мерекелік шара аясында республикалық ақындар байқауы қатысушыларының өлеңдер жинағы — «Елбасы және Елорда» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жоба талантты жастарды қолдауға бағытталған.
Биыл мерекенің үстіне мереке болып жатыр. Астанамыздың 20 жылдығы аталып өтті. Астанамен қатарлас, қанаттас өсіп келе жатқан жас ақындардың жыр мүшәйрәсі ұйымдастырылды. Жас ақындарға министрлік, Шаяхметов орталығы, Қазақ радиолары тарапынан қолдау көрсетілді. Осы мүшәйрә туралы естіп, мен де бағымды сынап көргім келді. Астанаға арналған, оның сонау Бозоқтан бастаған тарихын өрнектеп жырлайтын өлеңдер циклын жаздым, нәтижесінде Марапатқа ие болдым. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Бүгін республиканың түкпір-түкпірінен келген қаншама өнерлі жастардың басы қосылды. Осындай шаралар жас ақындардың қалыптасуына себепші болады деп ойлаймын, — деді мүшәйрә жүлдегері Арман Шеризат.
Мерекеде Мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамоталары қауымдастықтардың көрнекті өкілдері, жетекші сарапшылары, сала мамандары мен тіл жанашырларына табысталды.
Биыл Қазақстандағы тілдер күні алғаш рет 5 қыркүйекте аталып өтіп жатыр. 5 қыркүйек — Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Осыған байланысты іс-шарада екі әдемі қорытынды жасалды. Біреуі — Астананың 20 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы, екіншісі — мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге еңбек етіп жүрген тұлғаларды марапаттау. Әрине, ешкім өзінің тілге жасаған еңбегін марапат үшін жасамайды. Жүрегінде еліне деген махаббаты, сүйіспеншілігі бар кез келген азамат елінің өркендеуі үшін қызмет жасайды. Мен аударма саласында жұмыс істеймін. Бұл үлкен жиындарда тілдің жұмыс тілі болуы үшін жол ашатын амал. Ал тілдің жойылмауы үшін тек тойда емес, үлкен жиындарда да қазақша сөйлеу керек, — дейді марапат иегері ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова.
Еске сала кетейік, жыл сайын өткізілетін тілдер онкүндігі биыл қыркүйек айының 5-18 күндері аралығына жоспарланып отыр.