Қазақстан Ауғанстан жастарына бөлінетін білім гранттарын қысқартады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Астанада өтіп жатқан «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясында мәлімдеді.
Ауғанстан жастарына арналған 5 жылдық білім беру бағдарламасы аясында Ауғанстанның 1000-нан астам жасы Қазақстанда оқыды. Жыл сайын 100 адам еліміздегі жоғары оқу орындарына түсіп отырды. Қазір бұл бағдарлама өз мәресіне жетті және бағдарламаны 30 ауғанстандықты оқытуға дейін қысқартамыз, — деді Дариға Назарбаева журналистерге берген сұхбатында.
Сенатордың айтуынша, бұл білім алғысы келетін ауған жастарының санына еш әсер етпеуі тиіс, себебі олар Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Жапония, Еуропада білім ала алады.
Бүгінгі конференцияда өзбекстандық әріптестеріміз өз елдерінде ауған жастарын оқытып жатқанын айтты. Жапония да білім беру жобаларында Ауғанстанға үлкен көмек беріп отыр. Еуропалық одақ білім беру грантының алғашқы кезеңіне 2 миллион еуро бөлуге дайын, яғни бұл жұмыс жалғаса береді, — деді Дариға Назарбаева.