Акцияның аясында әрбір азамат кез келген емханаға тіркеліп, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті еркін таңдау құқығына ие болады.
«Елордада кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында тұрғындарға 51 ұйым қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өсті, – дейді Астана қаласы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) коммерциялық емес АҚ филиалы директорының орынбасары Асхат Амангелдиев.
Асхат Амангелдиев тұрғындардың емхана таңдау барысында саналы түрде шешім қабылдап, үйіне, жұмыс орнына жақын немесе өзіне қолайлы деп тапқан мекемеге тіркелуіне кеңес береді.
Кез келген емханаға тіркелу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет көрсетушілер тізімінен емхананы таңдау қажет. Аталған тізім қордың Fms.kz сайтында орналасқан. Таңдау жасалғаннан кейін азамат ұйымның тіркеу бөліміне жеке куәлігімен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазуы қажет.
Емханаға тіркелу барысында өтініш қабылданбайтын жағдайлар да болуы мүмкін. Мұндай жағдай біріншіден, бір дәрігерге тіркелген адам саны екі мыңнан асып кеткенде орын алады. Сонымен қатар тіркеуге өтініш жазған азамат қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұрып жатқан болса, оның өтініші қабылданбайды. Ал осы медициналық ұйымға қарайтын әкімшілік учаскесінің тұрғылықты тұрғынының өтініші ескеріледі.
Екіншіден, емхананың қызмет көрсететін учаскесінен тыс аумақта тұратын адам үйге дәрігер шақырту қызметінен бас тартуға келіспеген жағдайда, ол азамат дәл осы емханаға тіркеуге тұра алмайды. Өйткені медицина мамандары науқастың үйіне көмек көрсету үшін дер кезінде жетіп үлгермейді.
Емханаға тіркелудің екінші жолы — онлайн түрде Еgov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Ол үшін азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы болғаны жеткілікті. Ал Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар емханаларға еш кедергісіз тіркеледі.
Азаматтар басқа ӘМСҚ ұйымына тұрғылықты мекенжайын, жұмысын, оқу орнын ауыстырғанда немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталғанда, әскери қызметін өтеп болғаннан соң ауыса алады. Сонымен қатар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда, бұрынғы емханадағы қызмет сапасы көңілден шықпайтын болса басқа емханаға тіркеле алады.
Еске сала кетсек, ӘМСҚ медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Мобильдік қосымша азаматтар үшін емхана таңдау мәселесін едәуір жеңілдетеді.