«Баймен бай құда болса, арасында жорға жүреді. Кедеймен кедей құда болса, арасында дорба жүреді. Ал баймен кедей құда болса, зорға жүреді» деген ұғым құдандалы адамдардың қарым-қатынасында әлеуметтік жағдайдың аз рөл атқармағанын аңғартады.
Қазақта құда түсу рәсімі екі кезеңде өтеді:
- той жайында алдын ала келіссөз жасау;
- арнайы құда түсу.
Алдын ала қыздың ата-анасының келісімін алу, қалың мал шамасын анықтау, құда түсер уақытты белгілеу үшін жігіттің әкесі сенімді адамын болашақ құдаларға жаушы ретінде жібереді. Жаушы құр бармай қалыңдықтың әкесіне бір малдың бағасына сай қырғабаулы сыйға тартады. Қыздың өзіне үкітағар (үкі қауырсыны) беріледі [1].
Әдетте күйеу жігіттің туыстары қыздың үйіне арнайы құда түсу мақсатында киіт, қоржынды сыйлық ретінде апарады. Бұл міндет некелесуге арнайы ұсыныс беру үшін, қалың малдың нақты мөлшерін келісу үшін және той уақытын алдын ала белгілеу үшін жасалады.
Екі жақтың келісімі нығайған соң қыз жаққа өлтірі беріледі. Өлтірі кәдесі ретінде әдетте қой малын ұсынады. Әкелген қой әрі семіз, әрі жас болғаны абзал.
Өлтіріні неге қызға жеуге болмайды?
Дәстүрдің «өлтірі» деп аталуы «Алдағы құдалық баянды болуы үшін екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеміз», «Өлі мен тірі арасында адалмыз, Құдай қосқан құдалығымыз — ақиқат» дегенді ұғындырады. Өлтіріге әкелінген мал осы уәдеге бола атап сойылады. Өлтіріні қыздың үйі соймайды. Бөгде біреу алып сояды. Мұның да өзіндік сыры бар. Екі жақтың анты үшін куәгер керек. Ол келісімнің заңды болуына кепіл болады [2].
Өлтірі тойы өтіп болған соң екі жақ бірін-бірі «құда-құдағи» деп атауына қақылы. Өлтіріде құдалар жақтан сыбаға ас әкелінеді. Жиналған қауым ризашылықпен ауыз тиіп, оң батасын береді. Негізінен мұсылмандық қағидалары бойынша дәмді ас беру де үлкен сауаптың біріне жататынын ескерген жөн.
Жоғарыда атап өткеніміздей, өлтірі малының күйлі болғаны абзал. Өйткені мал тұрмысқа шыққан қыздың бақилық болған ата-бабаларына, туыстарына арнап сойылады, Құран бағышталады. Қазақтың дәстүрі бойынша Құдай разылығынан үміт етеді.
Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар («әл-Хаж» сүресі, 34-аят).
Өлітірі рәсімі – көпшілікке арналатын құдайы садақа. Сойылған малдың еті түгелімен асылады. Бұл малдың етінен ұзатылатын қыз ауыз тимейді. Қазақта барар үйінің босағасын аттамай тұрып оның дәмін татса, кездейсоқ кедергілер кездесіп, ол жақтың дәм-тұзы бұйырмай қалуы мүмкін деген ырым да бар [2].
Өлтірі берілгеннен кейін, болашақ құдалар қыз жаққа үкілі құнан, не дөнен әкеледі. Кейбірі ат береді. Мұнда маңыздысы жылқы емес, оның кекіліндегі үкі. Төлді меншіктеп ен салған тәрізді, болашақ келінді өздерінің баласы етіп алдын ала иемденгенін, үкілегенін көрсетеді.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды»
Өлтірі рәсімі өз деңгейінде орындалғаны дұрыс, яғни малды мұсылмандық әдеп бойынша сойып, мүшелеп, дәстүр бойынша табақ тартылуы қажет.
Қазақ халқында «Өлтірісі берілмеген қыз аурушаң болады» деген де ырым кездеседі. Бұны «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығымен де байланыстыратындар бар. Бұл мақалды ҚМДБ қарасты мешіт имамы: «Бұл мақалдағы «өлі» сөзі «өткен уақыт», «тарих» деген мағынаны білдіреді. Тарихты білмей, өткеннен сабақ ала алмайсыз. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын, қатесін ескеріп, үлгі-өнеге алса, бүгінгі ұрпақ жолынан жаңылыспайды. «Тірі байымайды» деген осы мағынаға саяды», — деп түсіндіреді.
Дереккөз:
- «Қазақтар. Тарих және мәдениет» кітабы. Алматы, 2015.
- «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы. Атамұра, 2011.
- Islam.kz
Материалды Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.