Алматының мешітке келуші жамағаты 1 миллион теңгеден үмітті

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Асыл мұра» бағдарламасы аясында мешітке келуші жамағат арасында футбол ойындары жалғасып жатыр.

Бүгін Қазақ спорт және туризм академиясының стадионында өткен іріктеуде қаланың Орталық мешіті мен Райымбек батыр мешітінің өкілдері кездесті.

Бұл сайыста 6 команда бақ сынап, ойын нәтижесінде алтауының ішінен «Халид Абдуллах, «Медеу» және «Х-Арт» (Райымбек батыр мешіті) клубтары жеңіп шықты. Ал топтық сайыс бойынша Орталық мешіт ойыншылары 16 команда шығарды. Нәтижесінде «Бірлік», «Алғабас» және «Арман» ұжымдары үш орынды бөліп алды. Жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен марапатталса, бірінші орын алған командалар келесі кезеңге жолдама алды. Енді олар өз мешіттерінің намысын аудандық кезеңде қорғайды.

Біз Райымбек батыр мешітінің жамағаты бүгінгі ойынға қатысқанымызға қуаныштымыз. Өзіміз аптасына екі рет жаттығу өткізіп тұрамыз, сондықтан бірінші орын алу бізге аса қиын болмады. Енді әрі қарай да жеңіске жету үшін барынша тырысамыз

,- деді «Халид Абдуллах» ойыншысы Нұркен Байшалов.

Фото: Ақпараттық және спорттық хаб

Қазіргі таңда қаладағы барлық 49 мешіттің 45-і өз ойындарын өткізіп үлгерген. Аудандық кезеңде жеңіске жеткен командалар қалалық — финалдық айналымға өтіп, 1 миллион теңге көлеміндегі жүлдеге таласады.

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен қолға алынған «Асыл мұра» бағдарламасы қаладағы мешітке келуші жамағатты спортпен айналысуға шақырады.