Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным — тағдырым» бағыттары бойынша жоспарлы жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Күні бүгін аудан көлемінде аталмыш бағыттар бойынша 28 іс-шара өткізілді.
Атап айтқанда, облыстағы ең биік нүкте — Ешкітауға жас зерттеушілердің «Өңірдің көркі – Ешкітау» экспедициясы жасалды. Жергілікті тарихшы Н.Вологин таудағы ерекше қорғауға алынған өсімдіктер туралы мәлімет берді. Жас өлкетанушылар аудандық жас натуралистер слетінде сапардан алған әсерлерін әңгімелеп берді.
Бағдарлама аясында «Туған жерім – тұғырым» тақырыбында шығармалар байқауы өткізілді. Оған 300-ге жуық оқушы қатысты. Байқау қорытындысы әлеуметтік желіде жарияланып, жеңімпаз-жүлдегерлер кәдесыйлармен марапатталды. «Отаныма деген менің бастамам» атты аудандық шығармашылық жобалар сайысына қатысушылардың майлы бояумен салған туындыларынан балалар көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Амангелді орта мектебінде өткен «Отаным — тағдырым» атты аудандық «Жас Ұлан» ұйымының патриоттар форумы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Конференция форматында өткізілген TED-X форумына ауданның қоғамдық өміріндегі белсенді тұлғалар спикер ретінде шақырылды. Шарада мектепте және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген оқушыларға құрмет көрсетілді.
Сонымен бірге білім ордаларында домбыра сыныбы ашылып, ұлттық өнерді ұлықтау қайта қолға алынды. Қазіргі таңда 150 оқушы домбыра үйірмесіне белсене қатысып отыр. Шәкірттердің айрықша ынтасын ескере отырып, аудандағы барлық мектепте «Домбыра сыйла» акциясы ұйымдастырылды. 100 жас домбырашы «Бала — бақыт бастауы» тақырыбымен өткен өнерпаздар шеруінде «Жастар биі» және «Балбырауын» күйлерін ерекше шабытпен және шеберлікпен орындап берді.