Барша қазақстандықтарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов:
– Елбасымыз өз сөзінде «Біздің басты парызымыз Конституцияға ұқыпты қарап, өз елімізді, тарихымызды қалай құрметтесек, оны да солай құрметтеуіміз қажет» деген болатын. Сондықтан біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек.
Конституция күнін мерекелеудің мақсаты қоғамдық санада Конституцияның демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет құруды қамтамасыз еткен Ата заңы ретіндегі Конституцияның рөлі мен маңыздылығын нығайту. Конституция заңның үстемдігінің, адамның құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуын паш ете отырып қазақстандық мемлекеттің іргесін қалады.
Ынтымағы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызға бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Баршаңызды шын жүректен Конституция күнімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға игілік пен бақ-береке тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын, – деді өз сөзінде.
Дөңгелек үстел барысында белгілі саясаткер Дос Көшім, облыстық «Грамада» белорус ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Ирина Разенова, тарихшы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы Жаңабек Жақсығалиев, Орал «Білім инновация» лицей-интернатының ұстазы Белен Шахин, М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Ақерке Шайхылар тақырып аясында баяндама оқыды. Олар Конституция күнінің әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негізі болып жасампаз жаңа дәуірге жол ашқандығын айтты.
Еліміздің жеткен жетістігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституциямыздың арқасында мүмкін болғандығын жеткізген облыстық сот төрағасы Бек Әметұлы шараны қорытты.